Бүгін облыс орталығында дәстүрге айналған “Туған жер - алтын бесігім” жобасы аясында тағы бір мәдени шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының сахнасында бұл жолы Күршім және Марқакөл аудандарының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Концерт басталмастан бұрын қала тұрғындары фойедегі көрмені тамашалады. Онда аудандағы қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен тарихи-мәдени жәдігерлер ұсынылды. Күршім ауданындағы Ю.Гагарин атындағы №1 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Жангүл Амзе өзінің туындыларын алып келді.
- 15 жылдан бері білім ордасында еңбек етіп келемін. Қазір он үш сыныпқа көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Бүгінгі кеште көрсетілген картиналарым негізінен этностильде жасалған. Ол үшін табиғи материалдарды пайдаланамын. Оның ішінде жағалаудан теріп алынған бақалшық та бар. Бір туындыны жасауға шамамен 3 ай кетеді. Оқушыларым да қолөнермен зор қызығушылықпен айналысады. Түрлі дәрежедегі байқауларды топ жарып жүр, - дейді ол.
Көпшілік көңілінен шыққан көрмеден соң қос ауданның күміс көмей әншілері мен мың бұралған бишілері өнерден шашу шашты. Өскемендіктерге арнап халық әндері мен заманауи жанрдағы шығармалар шырқалды.
Сондай-ақ концерт барысында Күршім мен Марқакөлдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген аудан тумаларының еңбегі ескеріліп, есімдері аталды.
Шара соңында сахна төріне қала тұрғындары атынан ықылас гүлі шығарылды. Осылайша қос ауданның мәдени мерекесі көрерменге рухани нәр, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер