Сот кәсіпкер әрі депутат Дмитрий Сомовқа 100 млн теңге айыппұл салып, сот залынан босатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үкім Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жария етілді. Бұған дейін Сомов лауазымды тұлғаға пара берді деген күдікпен ұсталған болатын.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, «Востоквзрывпром» ЖШС басшысы өзіне тиесілі компаниялардың құрылыс нысандары бойынша орындалған жұмыс актілеріне жедел қол қойылып, тиісті төлемдердің тезірек аударылуы үшін Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысына 5 миллион теңге көлемінде пара берген.
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау туралы процестік келісіммен түскен. Яғни сотталушы өзіне тағылған айып пен іс материалдарындағы дәлелдерге қарсылық білдірмеген.
– Сот азамат С.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған параның жиырма еселенген мөлшері – 100 000 000 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оны өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырды, – деді баспасөз қызметі өкілдері.
Бұдан бөлек, үкімде сотталған адамды «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденінен айыру туралы Қазақстан Республикасы Президентіне ұсыныс енгізілгені көрсетілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Фото: gov.kz
Пікірлер