Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысына қатысып, өңірде авиация саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, қазір Зайсан мен Катонқарағай аудандарында әуежайлар салу жалғасып жатыр.
– Зайсан әуежайының құрылысы 76 пайызға аяқталған. Әуеайлақтың негізгі бөлігі – ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы толық салынып бітті. Қазір ғимараттар, инженерлік инфрақұрылым, автожолдар мен аумақты қоршау жұмыстары жүргізілуде, – деді әкім.
Ал Катонқарағай ауданындағы әуежай құрылысы 55 пайызға орындалған көрінеді.
– Қазір жасанды ұшу-қону жолағына асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу, ғимараттар мен инженерлік желілер салу, кіреберіс жолдар мен периметрлік қоршау орнату жұмыстары атқарылып жатыр, – деді облыс басшысы.
Жоспарға сәйкес Зайсан әуежайының құрылысы осы жазда, Катонқарағайдағы нысан құрылысы күз басында аяқталмақ. Ал қажетті сертификаттау рәсімдерінен кейін екі әуежайды да толық пайдалануға беру жыл соңына дейін жоспарланған.
– Әр нысанда 57 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезеңінде 320 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Жаңа әуежайлардың операторлық қызметін «Өскемен әуежайы» АҚ атқарады, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Фото: Informburo.kz
Пікірлер