Соңғы екі жылда туризм саласынан аудан бюджетіне түсетін салық көлемі 6 есеге артты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, 2023 жылы – 68 млн теңге болса, 2025 жылы – 431,3 млн теңгеге жеткен. Аудан басшысының орынбасары Жанна Асқарқызының сөзінше, туризмді дамытуға арналған кешенді жоспар қабылданып, соның аясында бірнеше жоба қолға алынған.
– Біріншісі - «Тенар» ЖК. Бұл - Алтай қаласы маңындағы Өрел тауында қысқы спорт түрлеріне арналған кешен салу жобасы. Инвестиция көлемі – 300 млн теңге. Ұзындығы 2,4 км болатын 2 аспалы жол қарастырылған. 200 млн теңгеге Бұқтырма су қоймасы жағалауында «Орлан» демалыс базасының құрылысы басталмақ. Ал «Мелада» демалыс базасын қайта жаңғырту аясында 300 млн теңгеге пирс құрылысы аяқталуда, – деді орынбасар.
Северное ауылындағы Кировский тұрғын алабында «Алтай аңыздары» атты ат спорты клубын ұйымдастырды.
– Қазір қонақүй кешенінің, қарда жүретін көліктерге арналған автотұрақтың, бассейннің, мейрамхана және балалар алаңының құрылысы жүргізілуде. Тағы бір жеке кәсіпкеріміз Бұқтырма станциясындағы «Пристань» жол бойы кешенін сатып алды. Оның негізінде «Бұқтырма-Арена» атты жаңа туристік жобаны дамыту жоспарлануда, – деді ол.
Жалпы, аудан бойынша туризм саласында 2029 жылға дейін инвестиция көлемі 3,1 млрд теңге болатын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Пікірлер