Ауданда білім саласы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, соңғы екі жылда мемлекеттік тілде оқытатын Алтай қаласының №9 орта мектебі және орыс тілінде оқытатын Серебрянск қаласының Инюшин атындағы №1 орта мектебі «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына енді.
Бұл білім беру ұйымдары «Қазақстан халқына» жобасы аясында толықтай жаңартылған материалдық-техникалық базаға ие болды. Жоба аясында барлық пән мен білім беру бағыты бойынша жаңа үлгідегі кабинеттер, мектепалды даярлық және робототехника кабинеттері, STEM-зертхана, арт-студия, телестудия, заманауи зертханалары бар физика, химия және биология кабинеттері жабдықталды.
- Биыл 6839 оқушы мектеп бітіреді, олардың ішінде 966 оқушы — үздік. 11 сыныпты бітіруші 314 түлектің 36-сы «Алтын белгіге» үміткер, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 14-ке көп. Тағы 25 түлек — үздік аттестатқа үміткер. 9 сыныпты тәмамдайтын 710 оқушының 60-ы үздік аттестатқа үміткер, - деді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы.
Өткен жылы мемлекеттік тілде білім беретін 200 орындық №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебі пайдалануға берілген еді. Бұл ғимарат заманауи білім беру талаптарына сай жабдықталған.
- Оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы білім алуына және жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Мектепте заманауи білім беру технологиялары енгізіліп, сапалы тілдік және академиялық дайындық қалыптастырылуда. Одан бөлек, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында «Мақсатты мектеп» жобасы бойынша Серебрянск қаласының №2 негізгі мектебіне жаңа үлгідегі 3 кабинет сатып алынды. Алтай қаласының №7 орта мектебі STEAM-білім беруді белсенді дамытып келеді. Мектеп сертификатталған STEM-мектеп және заманауи технологияларды енгізу орталығы ретінде белгілі. Мұнда робототехника мен дрон бағыттарына ерекше назар аударылады. Оқушылар FIRST Robotics және AITU KazRoboDrone сияқты халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындар иеленуде, - деді Жанна Асқарқызы.
Айта кетейік, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау, дабыл жүйесі және өткізу режимі жұмыс істейді.
Пікірлер