Аталған ақпаратпен аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сөзінше, ауданға 7 жалпы тәжірибелік дәрігер, 3 кардиолог, 1 офтальмолог, 1 фармаколог,1 анестезиолог-реаниматолог мамандары жетіспейді.
Дәрігер тапшылығын азайту мақсатында қазір рентгенолог пен кардиолог мамандары резидентурада оқып, білімдерін жетілдіруде. Сондай-ақ, Тұрғысын, Соловьево, Малеевск ауылдық амбулаторияларына 3 жалпы тәжірибелік дәрігер жұмысқа келген.
Жалпы аудандағы медициналық ахуал жақсарып келеді. Мәселен, 2026 жылдың І тоқсанында ауданда 70 нәресте дүниеге келген, осы аралықта ана мен сәби өлімі тіркелген жоқ.
- Әлеуметтік маңызы бар бірқатар ауру бойынша оң динамика байқалады. Атап айтсақ, қатерлі ісік аурулары 33%-ға төмендеді, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 35,1%-ға азайды, туберкулезбен сырқаттану да 65,3%-ға төмендеді. Дегенмен кей ауруларда өсім бар. Оның ішінде қан айналымы жүйесі аурулары 31,7%-ға өсті. Осы аурулардан болатын өлім-жітім 38,5%-ға артты. Ал жарақаттар мен уланудан болатын өлім 17,8%-ға көбейді. Халық арасында скринингтік тексерулер жалғасуда. Қан айналымы жүйесі аурулары, қант диабеті, глаукома және онкологиялық скринингтермен қамту артқан. Цереброваскулярлық ауруларды ерте анықтауға арналған скрининг басталды, - деді Жанна Асқарқызы.
Мәлім болғандай, 2026 жылдың І тоқсанында стационарда 1745 пациент емделді. Сондай-ақ 31 коронарография жасалып, жүрек тамырларына 18 стент орнату операциясы жүргізілді.
Пікірлер