Біржан және Сарытерек ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды. Олар өрт пен төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біржан ауылындағы бекет елдегі «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымдарының 238-шісі болады. Оның құрылысына бюджеттен тыс шамамен төрт миллион теңге қаражат жұмсалды. Бекет тұрғындар саны екі мыңнан асатын үш елдімекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұнда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Еріктілер арнайы оқытудан өтіп, бекет өрт сөндіру техникасымен, қажетті құрал-жабдықтармен, байланыс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз етілді.
Сарытерек ауылында да жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, пайдалануға берілді. Оны ашуға демеушілік көмек аясында бюджеттен тыс 5,74 млн теңге қаражат бағытталды. Мұнда бір ауысымда екі құтқарушы мен өрт сөндіру көлігінің жүргізушісінің жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған.
Нысандардың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, Зайсан ауданындағы жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД өкілдері, қоғам белсенділері және ауыл тұрғындары қатысты.
Пікірлер