Қазақстан интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-орында тұр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Қарашадағы рейтингте Қазақстан интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-орында тұр. Елімізде мобильді байланыстың орташа тарифі айына шамамен — 10 доллар. Əлемдік орташа көрсеткіш — 27 доллар. Яғни, еліміздегі тариф үш есеге жуық арзан. Интернет-трафик өсіп келеді. Байланыс жылдамдығын арттырып, 5G желісін кеңейту үшін операторлар желіге инвестиция салуы керек. Балансты сақтау маңызды. Тарифтер халыққа қолжетімді, ал байланыс саласы инвесторлар үшін тартымды болып қалуы тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.
Оның атап өтуінше, Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық үкіметті дамыту рейтингінде ең жоғары санатқа кірді. Бұл санатқа Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур сияқты 21 ел кіреді. Екі жылда Қазақстан осы рейтингте 194 елдің арасында 24-орыннан 16-орынға көтерілді.
— Байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша əлемде 41-орыннан 13-орынға көтерілдік. Екі жылдағы өсім — 28 саты. Екі көрсеткіш бойынша да ТМД мен Орталық Азия елдері арасында бірінші о рындамыз. Бұл нəтижеге жүйелі жұмыстың арқасында жеттік. Оған Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жəне жасанды интеллект жылында жүргізілген реформалар да ықпал етті, — деді вице-премьер.
Пікірлер