Бұған дейін Ресей Қазақстандағы бірқатар өңірде аусыл тарауына байланысты ет сатып алуға шектеу енгізген болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Agrokz_com дерегінше, көршілес ел жуықта мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге қойылған тыйымды алып тастады. Россельхознадзор шешімі бойынша енді Шығыс Қазақстанда өндірілген сиыр еті мен басқа да мал шаруашылығы өнімдерін Ресейге экспорттауға мүмкіндік бар. Ал ШҚО-дан басқа бұл тізімге Абай, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Жетісу облыстары енді. Сонымен қатар өңірден жануарларға арналған жем мен жемшөп қоспаларын жеткізуге де рұқсат берілді.
Қазақстан өнімдерін Ресейге 25 қыркүйектен бастап Алтай өлкесіндегі өткізу пункттерімен қатар, Қорған облысындағы («Петухово» өткізу пункті), Челябі облысы (Бугристое) және Орынбор (Сагарчин) облыстарындағы бекеттер арқылы өткізуге болады.
Ресей тарапы осыдан сегіз жыл бұрын облыс аумағынан ет импорттауда ниетті екенін білдірген болатын. Бірақ ол кезде рубль курсы төмендеп, шығысқазақстандық кәсіпкерлер тәуекелге бара қойған жоқ.
Айта кетейік, Қазақстан биыл мамыр айында вакцинация жүргізілетін аусылдан таза аймақ мәртебесін алған. Енді ел ет экспортын арттырып, шетелдік нарықтарға шығу географиясын кеңейтуді көздеп отыр.
Пікірлер