Облыстағы Тереңсайды (Осинов асуы) айналып өтетін жаңа автомобиль жолында қыста тіркемесі бар көліктер қозғалысына тұрақты шектеу енгізу жоспарланып отырған жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ШҚО филиалы мәліметінше, құрылыс барысында нормативтік талаптар ескерілді. Атап айтқанда, еңістер мен бұрылыстар, жолдың қажетті ені мен жекелеген учаскелердегі кеңейтілген бөліктер қарастырылған.
Сонымен қатар трассада қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған апаттық съездер, барьерлік қоршаулар және жол инфрақұрылымының басқа да тұсы көзделген.
Осыған байланысты жаңа жолда тіркемесі бар көліктердің қозғалысына маусымдық шектеу қою жоспарланбайды.
Дегенмен қыс мезгілінде көлік қозғалысына қатысты жағдай ауа райына байланысты өзгеруі мүмкін. Боран, бұрқасын, қалың қар, көктайғақ немесе жол жағдайы күрт нашарлағанда жекелеген учаскелерде уақытша шектеулер енгізілуі ықтимал.
Мұндай шешімдер метеорологиялық жағдайға қарай қабылданады.
Пікірлер