Қазақстан мемлекеттік басқарудың платформалық моделіне көшіп жатыр. Жасанды интеллект қазірдің өзінде өтініштерді өңдеу, хаттамалар дайындау және аударма жасау үшін қолданылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер AI-құралдарын өз бетінше әзірлеуді үйреніп жатыр. Сонымен қатар суперкомпьютерлердің есептеу қуаттары стартаптарға, жоғары оқу орындарына, мемлекеттік органдар мен компанияларға қолжетімді.
- Ұлттық жасанды интеллект платформасы AI-шешімдерін әзірлеуге арналған бірыңғай орта ұсынады. Сондай-ақ тренингтерге, деректер жиынтықтары мен үлкен тілдік модельдерге қолжетімділік ашылды. Бұл өз бетінше білім алуға және экономиканың түрлі салаларына арналған AI-өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, аталған құралдарды кеңінен қолдану күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
- 2029 жылға қарай ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдері екі есе қысқарып, мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесі 30% деңгейіне дейін төмендеуі тиіс, – деді министр.
Пікірлер