Өңірде «Нелегал – 2026» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген жеті шетел азаматы анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көші-қон қызметінің мамандары аймақтағы шетел азаматтары мен жұмыс берушілердің көші-қон заңнамасын сақтауына тексеру жүргізіп жатыр. Басымдық шетелдіктердің ел аумағында болып, еңбек етуі заңдылығына берілді.
Тексеру барысында көрші елдің жеті азаматының көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғаны анықталды. Сот шешімімен олардың барлығы Қазақстаннан депортацияланды. Сонымен қатар аталған азаматтарға бес жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Шетел азаматтарын заң талаптарын бұза отырып, жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Көші-қон заңнамасының сақталуы тұрақты бақылауда. Шетел азаматтары да, оларды жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілер де белгіленген талаптарды қатаң сақтауы қажет, – деді ШҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
Пікірлер