A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 16:00 0

Қазақстанда қылмыс саны қанша пайызға азайғаны белгілі болды

Бүгін / Республика

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жиында 2026 жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылған.

ІІМ мәліметінше, есепті кезеңде былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қылмыс саны 15%-ға немесе 11 мыңнан астам фактіге азайған.

Құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында да жұмыс күшейтілген. Тоғыз айда 321 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, 1 318 стихиялық қоқыс орны жойылғаны айтылды. Сонымен қатар, 12 мыңнан аса заңсыз граффити өшіріліп, осыған байланысты 5,8 мыңға жуық әкімшілік іс қозғалған.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, "Таза Қазақстанның" мәні көшелердің тазалығымен ғана шектелмейді. Бұл – мінез-құлық мәдениеті, өзара құрмет және заңды сақтау. Қоғамдық орындарды ластауға, вандализмге және мүлікті бүлдіруге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу жұмыстарын күшейтуді тапсырамын, – деді ІІМ басшысы Ержан Сәденов.

Отбасылық-тұрмыстық салада да бірқатар көрсеткіш төмендеген. Тоғыз айда 90 мыңнан астам жанжал шығарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,4%-ға көп. 25 мың адам әкімшілік қамауға алынса, 73 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылған.

Сонымен бірге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жүгінулер саны 1,2 мыңға азайған. Осы саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар 10,4%-ға, адам өлтіру фактілері 11%-ға төмендеді. Дағдарыс орталықтарына балалары бар 4,5 мың әйел орналастырылды.

Жол қауіпсіздігі бойынша да оң динамика бар. Жыл басынан бері 11,9 млн жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған. Оның ішінде көлікті мас күйде басқарудың 19 мыңнан астам және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 247 мыңнан астам жағдайы тіркелді.

Жол-көлік оқиғалары 5%-ға, жарақат алғандар саны 7%-ға, қаза тапқандар саны 16%-ға азайды. Сондай-ақ, жолдағы қауіпті дрифттің 386 фактісінің жолы кесіліп, 59 адам әкімшілік қамауға алынған.

Есірткі қылмысына қарсы күрес те ІІМ-нің негізгі бағыттарының бірі болды. Тоғыз есірткі зертханасы жойылып, заңсыз айналымға 31 тоннадан астам есірткінің түсуіне жол берілмеді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 20%-ға жоғары.

Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, киберқылмыс пен экстремизмнің алдын алу, көші-қонды бақылау және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру бойынша тапсырмалар берілді.

ІІМ басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, адамдар үйінде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да өздерін қауіпсіз сезінуі керек.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив