Облыcтық Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандары дүкендердегі бағаларға тікелей әсер ететін жағдайларды анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алаяқтықтың ең көп түрі тұрақтандыру қоры өнімдерін сату кезінде қолданылған. Қазір бұл өнімдер әлеуметтік дүңгіршектер мен бөлімдер арқылы сатылады. Мақұлданған өнімдерге ең аз үстемеақы 5 пайыздан аспауы керек.
Бірақ бұл көрсеткіш кейбір кәсіп иелері үшін тым төмен болған сияқты. Электронды шот-фактураларды талдау арқылы департамент 12 заңсыз делдалды анықтап, жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар, 40 жеткізуші жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, көтерме сауда дүкендерінің бірінде кәсіпкер пайда табу үшін картоп бағасын 133 пайызға көтерген. Одан бөлек, мұздатылған балықтың да үстемақысы 361 пайызға жеткен. Ал тағы бір кәсіпкер қос құжат жүргізу арқылы өз-өзіне азық-түлік сатқан. Нәтижесінде оның дүкеніндегі қарақұмық бағасы 241 теңгеден 550 теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, сіріңке мен тұзға да айтарлықтай үстемеақы қосқан. Ол өнімдеріне үстемеақыны 127 пайызға жеткізді.
Анықталған барлық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, оларды жою туралы тапсырмалар берілді.
Қазір бұл дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтық бағадан төмен бағада сатылуда.
Пікірлер