Облыста «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның негізгі мақсаты – өңірдің жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау, жануарлар мен балықтарды заңсыз аулауға жол бермеу, орман қорын сақтау.
Алғашқы аптаның өзінде полицейлер 45 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 27-сі аң аулау қағидаларын бұзуға, 17-сі балық аулау қағидаларын бұзуға қатысты. Тағы бір дерек ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдауға байланысты тіркелді.
Барлық дерек бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 382, 383 және 381-1-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексерулер заңсыз аң аулау мен балық аулау орын алуы мүмкін аумақтарда, басқа да табиғи аймақтарда жүргізілуде. Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, азаматтарға аң аулау және балық аулау қағидаларын түсіндіріп, табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын еске салады.
Пікірлер