«Қазақтелеком» абоненттері үшін интернеттің орташа жылдамдығы 70 пайызға өсті. Бұған талшықты-оптикалық желілерге көшу және ескірген жабдықтарды жаңарту жұмыстары әсер еткен. Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, компанияның негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі – абоненттерді заманауи оптикалық технологияларға көшіру. Ескі мыс желілерінде интернет жылдамдығы секундына 8 мегабитпен шектелсе, талшықты-оптикалық желі арқылы бұл көрсеткіш 125 есе жоғары болуы мүмкін.
2024 жылдан бері оптикалық интернетті пайдаланатын абоненттердің үлесі 53 пайыздан 64 пайызға дейін өскен. Қазір қосылу жылдамдығы секундына 100 мегабиттен 1 гигабитке дейін жетеді.
Желі инфрақұрылымын жаңарту үшін компания үш жобаны жүзеге асырып жатыр. 2024 жылдан бері оптикалық желілерді салу аясында 480 мың жаңа порт құрылды. 2027 жылы тағы 190 мың порт салу жоспарланған.
«Тазарту» жобасы бойынша 247 мың абонент мыс желілерінен талшықты-оптикалық желіге көшірілді. Келесі жылы тағы 146 мың абонентті қосу көзделген.
Ал Sapa+ жобасы аясында оптикалық желінің мүмкіндігін шектеген 422 мың ескі роутер ауыстырылған.
- Sapa+ жобасы аясында оптикалық желінің мүмкіндіктерін шектеген 422 мың ескірген роутерді ауыстырдық. Кешенді жұмыстың нәтижесінде интернет жылдамдығы орта есеппен 70 пайызға артты, – деді Бағдат Мусин.
Пікірлер