
Еңбек нарығында 1 млн теңге жалақы ұсынылатын неше бос жұмыс орны бар
Қазақстанның еңбек нарығы қай мамандықтарға зәру, қандай кәсіп иелеріне аямай ақы төлеуге дайын? Осы сұрақтарға елдегі ең ірі еңбек биржаларындағы мәліметтерге сүйене отырып жауап іздейміз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Бір бос орынға 7-8 жұмыссыз
Ресми статистика бойынша елдегі еңбекке жарамдылар саны — 9,8 млн адам. Оның ішінде жұмыссыз санатына жататын 448,9 мың адам бар. Ал жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге арналған Электронды еңбек биржасында 57 761 бос орын, халықаралық HeadHunter жобасының қазақстандық сегментінде 36 909 жұмыс орны бар. Екі ресурстағы вакансиялардың қайталану ықтималдығын ескеріп есептегенде әрбір бос орынға 7-8 жұмыссыз қазақстандық үміт артады деген сөз. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Армения азаматтары елімізде квотасыз жұмыс істей алады. Ал үшінші елдердің азаматтарына 2026 жылы 18,1 мың квота бөлінген. Екі қолға ұстайтын күрек дайын тұрғанымен оның табысы бүгінгі қымбатшылыққа төтеп бере ала ма? Мәселенің ең сезімтал тұсы да осы.
Білім беру мен медицинада 10 мыңнан астам вакансия тұр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Электронды еңбек биржасында 27 308 хабарлама арқылы 57 761 бос жұмыс орны тіркелген. Оның басым бөлігі Алматы (5 274), Астана (3 995), Шымкент (1 187) сияқты қалаларда шоғырланған. Ал ресми жүктелген түйіндеменің саны — 241 790.
Ең көп вакансия білім беру (6 140), медицина (3 044), біліктілік талап етпейтін мамандықтар (2 479), өндіріс (2 434), көлік және логистика (1 575) сияқты салаларға тиесілі.
57,7 мың бос жұмыс орнының 10,3 мыңы — 100-200 мың теңге айлық төлейтін жұмыстар. 200-300 мың теңгелік 6 758 вакансия, 100 мың теңгеден аз төлейтін 4 208 орын, 300-500 мың теңге аралығында төлейтін 4 503 вакансия, 500 мың теңгеден жоғары 1 586 орын бар. Сонда вакансиялардың басым бөлігі 100-300 мың теңге арасында айлық ұсынады деген сөз.
Биржада мүгедектігі бар азаматтарға 405 вакансия жарияланған. Мұнда да негізгі ұсыныстар 100-300 мың теңге аралығында. Ал 500 мың теңгеден жоғары айлық уәде ететін 21 орын ғана тіркелген. 405 вакансияның 69-ы Астана мен Алматыда екенін де айта кету керек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудың цифрлық қызметін енгізбекші.
— Министрлік бірінші жартыжылдық біткенге дейін квоталарды орындау үшін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алу тәсілін әзірлейді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі енгізіледі. Бұл қызмет азаматтарды жұмыспен қамтығанға дейін проактивті сүйемелдейді. Биылдан бастап 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл — 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп, — деді министр Асқарбек Ертаев.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл — жалпы халық санының 3,7 пайызы. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы адамдар — 56%, зейнеткерлер — 29%, балалар — 15%.
Жастарға 2 958 вакансия бар. 100-200 мың теңгелік 445 орын, 200-300 мың теңгелік 339 орын, 500 мыңнан көп төлейтін 60 орын жарияланған. Ешбір еңбек өтілі жоқ жастарға келетін 596 вакансия және бар.
Жұмысшы мамандықтар сегментінде 1 211 вакансия тіркелген. Мұнда да уәде етілетін негізгі табыс көлемі — 100-200 мың теңге (510 вакансия). Уақытша жұмысқа 447 позиция, тұрақты жұмысқа 163 орын ашық тұр.
Түрмеден босағандарды қабылдауға дайын 317 вакансияның негізгі табыс деңгейі 200-300 мың теңге аралығында және көбі қара жұмыспен байланысты.
Жоғары білімі жоқ азаматтарға жарайтын 101 орын бар. Ұсынылған айлық — 100-200 мың теңге.
Кәсіби практика сегментінде жарияланған 13 вакансияның да табысы айына 100-200 мың теңге мөлшерінде.
Шетелдік жұмысшыларға арналған 8 вакансияның көбі ауыл шаруашылығымен байланысты.
Маман тарту үшін баспана ұсынған екі вакансия ғана тіркелген. Оның бірі акушерге (180-200 мың теңге, БҚО Ақжайық ауданы), екіншісі акушер-гинеколог дәрігерге (600–800 мың теңге, Атырау облысы Индер ауданы) мұқтаж. Бұл өңірлерде медицина саласында қосымша ынталандыру бар екенін көрсетеді.
Көп тіл білсең табысың да көбейеді
Ресми биржадан еңбек нарығындағы мемлекеттік тілге деген сұранысты да көруге болады. Қазақ тілін талап ететін вакансия саны — 10 059, орыс тілі — 10 924, ағылшын — 1 596, қытай тілі — 1 126. Қазақ тіліне басымдық беретін вакансиялардың басым бөлігі 100-300 мың теңге аралығында шоғырланған. Бұл елдегі медианалық жалақы деңгейімен шамалас: 2025 жылы медианалық айлық шамамен 316 мың теңге болған. Сұраныс арасында ағылшын (300-500 мың теңге) және қытай тілінің (500 мың теңгеден көп) бәсі жоғары.
1 млн теңгеден жоғары айлық — 2 888 вакансия
hh.kz платформасында (HeadHunter жобасының қазақстандық сегменті) 7,8 млн түйіндеме, 139 186 компания, 36 835 вакансия бар. Мұндағы бәсеке өте жоғары — бір орынға орта есеппен 211 түйіндеме келеді. Жарияланған вакансиялардың ішінде 25 987-інде айлық еңбекақысы нақты көрсетілген. Ал ұсынылатын айлық мөлшері ретінде салық шегерілгенге дейінгі сома көрсетілген.
10 млн теңге және одан жоғары 9 вакансияның алтауы Алматыда, үшеуі Астанада орналасқан. Бұл орындарды мамандықтар бойынша жіктесек, стоматологтер, жылжымайтын мүлік агенттері, сауда менеджерлері және өзінің меншікті жүк көлігі бар жүргізушілерге сұраныс аса жоғары екені көрінеді.
Түйіндесек, елдің еңбек нарығында жұмыс бар, бірақ басым бөлігі 100-300 мың теңге айлықпен шектелген. 1 млн теңгеден жоғары жалақы ұсынушылар сирек, ал 10 млн теңгелік тоғыз вакансия ғана бар.
Кейінгі жылдары елдегі ең төменгі жалақының мөлшерін бірнеше есе көтеру керектігі туралы жиі айтылып жүр. Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша бірлескен жоспар пысықтап жатыр. Оның ішінде ең төменгі айлықты біртіндеп 150 мың теңгеге жеткізу мәселесі де бар.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер