Өңір бойынша профилактикалық екпе салдыру бойынша жоспарлы көрсеткіштер толық көлемде тек бір жасқа дейінгі балалар арасында ғана орындалған. Бұл туралы ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Жыл басынан бергі үш айда нәрестелердің 96 пайызы БЦЖ вакцинасын алған. Ал В гепатитіне қарсы екпе 93,8 пайыз балаға салынған. Алайда басқа вакциналар бойынша жағдай әлдеқайда төмен. Мәселен, АКДС және Hib вакциналарының бастапқы кешенін небәрі 14,5 пайыз бала алған. Пневмококк инфекциясына қарсы екінші дозамен қамту – 14,2 пайыз ғана, - делінген ақпаратта.
Бір жастағы балалар арасында да көрсеткіштер жоғары емес. Пневмококк инфекциясына қарсы үшінші екпе 13,7 пайызды құраса, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы вакцинация деңгейі 20,4 пайыздан аспаған. Полиомиелитке қарсы төртінші доза 12,8 пайыз балаға ғана салынған.
Екі жасқа дейінгі және алты жастағы балалар арасындағы екпе көрсеткіштері де 20 пайыздан төмен. Ал 16-17 жастағы жасөспірімдер арасында АДС-М вакцинасымен қамту небәрі 16,2 пайызды құраған.
Жыл басынан бері облыста 62 тұрғын екпе алудан бас тартқан. Көпшілігі мұны жеке ұстанымымен байланыстырса, кейбіріне вакциналар туралы жағымсыз ақпарат пен сенімсіздік әсер еткен.
Пікірлер