A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 12:25 0

Өскеменде «Таза Қазақстан» акциясы қалай жүріп жатыр?

Бүгін / Өскемен

Өскеменде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында ауқымды экологиялық және абаттандыру шаралары жалғасып жатыр. Қалада қар шығару, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындарды тазалау, заңсыз жарнамаларды жою және бұлақ көздерін ашу сияқты кешенді жұмыстар бір мезетте қатар атқарылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Қала аумағынан қанша қар шығарылды?
Өскемен – қыс айларында нағыз қарлы қалаға айналатын өңір. Қалың жауған қар жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына қиындық тудырғанымен, коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істейді. Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өкілдерінің мәліметінше, қар арнайы белгіленген алаңдарға шығарылады. Олар Самар тасжолы, Назарбаев даңғылы және Өскемен–Семей бағытындағы аумақтарда орналасқан. Жалпы, мамандар бұл тек тазалық акциясы емес, ең алдымен – қоғамдық сана мен мәдениетті өзгертуге бағытталған қадам екендігін атап өтті.
– Қарды жоюға арналған арнайы учаскелер бекітілген. Бұл қала тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет, – деді аталған бөлім басшысының орынбасары Марат Тұңғышпаев.
Өткен жылдың қарашасынан бері қала көшелерінен 60 мың текше метр қар шығарылған. Сонымен қатар жолдарға құм себу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Дегенмен кейбір шағынаудандарда тайғақ жолдар мен кептелістер мезгіл сайын тұрғындардың шағымын тудырып отыр. Коммуналдық сала өкілдері бұл жұмыстардың тұрақты бақылауда екенін айтады. Қазір қалада 97 арнайы техника мен 180 қызметкер жұмылдырылған.

Қалалар мен аудандардағы қарбалас
«Таза Қазақстан» аясындағы ең кең тараған шара – сенбілік. Өскеменнің әр ауданында мемлекеттік қызметкерлер, жастар, еріктілер мен тұрғындар бірлесіп тазалық жұмыстарын жүргізуде. Қалада 30 Гвардиялық дивизия көшесі, Астана даңғылы, Протозанов көшесі және басқа да аумақтар қамтылды. Бір ғана сенбілікке 60-тан астам мемлекеттік қызметкер қатысқан жағдайлар бар. Осы орайда журналист Санат Тоқтарұлы бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
– Қоқыс мәселесі тек коммуналдық қызметтің емес, қоғамның мәдени деңгейінің көрінісі. 100 адамның 20-сы ғана тәртіп сақтаса, қалғаны бейжай болса, нәтиже болмайды. Бұл – тұтас мәдениет мәселесі, – деді ол. 
Оның айтуынша, ең көп кездесетін мәселе – пластик қалдықтары мен бөтелкелер. Ал тазалықтың басты шешімі – тек акция емес, отбасылық тәрбие мен күнделікті әдет.

Жарнама ілгендер жазаланады
Акция аясында аялдамалардағы заңсыз жарнамалар алынып, қоғамдық орындар тазартылып жатыр. Жастар ресурстық орталығы өкілдері бұл шаралардың басты мақсаты – қала мәдениетін қалыптастыру екенін айтады.
– Рұқсатсыз жарнама қалдырғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біздің мақсат – тәртіп пен тазалықты сақтау, – деді орталық директоры Аслан Бауыржан.
Сонымен қатар жастар «Тазару күні» аясында бұлақ көздерін ашу акциясына қатысты. Өскемендегі «Шешек» демалыс орнында еріктілер табиғи бұлақтарды тазартты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та бұл бастамаға қатысып:
– Тазалық – тек айналаны емес, ой мен сананы да жаңарту, – деп атап өтті.
Өскеменде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы тек сенбілік немесе коммуналдық жұмыс қана емес. Бұл – қала келбетін өзгертуге бағытталған кешенді қозғалыс. Қар шығару, жол қауіпсіздігі, сенбіліктер, бұлақ көздерін ашу, ескерткіштерді тазалау – барлығы бір мақсатқа тоғысады: тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Дегенмен мамандардың айтуынша, ең басты өзгеріс – адамның өзінен басталуы тиіс. Қала қанша тазаланса да, қоғам мәдениеті өзгермейінше нәтиже толық болмайды. Өскемен бүгінде бір ғана жобаның емес, тұтас қоғамдық сана жаңғыруының алаңына айналып отыр.

Абай ескерткішін жарқыратты
Өткен аптадағы сенбілік аясында Абай ескерткіші жуылып, маңайы тазаланды. Сенбілікке жиналғандар қала келбеті – оның тазалығы мен мәдениетінен көрінетіндігін айтты. Өскеменнің бас алаңында жиналғандар қарасы көп болмаса да, бәрі көңілді, күбір-күбір әңгімемен жұмысты тоқтаусыз жалғастырды. Оған қоса, осы жолғы тазалықтың маңызы ерекше. Өйткені шара Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнімен тұспа-тұс келіп, шаһардың басты символы – Абай Құнанбайұлының ескерткішін ажарландыруға бағытталды.
Дәл осы күні Өскемен кіреберісіндегі Қабанбай батыр ескерткіші төңірегінде сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында жастар, еріктілер мен қала тұрғындары қоқыс жинап, аумақты тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылар сөзінше, мұндай акциялар қоғамның мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Баян ӨТЕПҚАЛИ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив