Қазақстанда жалақы бойынша берешек көлемі азайып, еңбек дауларының алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қабылданған шаралар нақты нәтиже бере бастаған.
– Биылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша жалақы бойынша ағымдағы және мерзімі өткен берешек 36%-ға қысқарып, 876 млн теңгеден 554 млн теңгеге дейін төмендеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік бақылау аясында 17,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, – деді ол.
Комитет төрағасы еңбек дауларының алдын алу үшін цифрлық бақылау құралдары енгізілгенін атап өтті.
– Қазіргі таңда Еңбек тәуекелдері картасына шамамен 98 мың кәсіпорын енгізілген. Бұл жүйе жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тоқсан қорытындысы бойынша жоғары тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар саны 530-ға азайып, 5 265-тен 4 735-ке дейін төмендеді, – деді Мейрамбек Ахметов.
Дегенмен, тәуекел толық жойылған жоқ. 1 сәуірдегі дерек бойынша 1 896 кәсіпорында ұжымдық еңбек дауларының туындау қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.
– Мұндай кәсіпорындардың басым бөлігі ірі қалалар мен өнеркәсіптік өңірлерде орналасқан. Бұл профилактикалық жұмысты күшейтіп, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды арттыруды талап етеді, – деді комитет төрағасы.
Оның мәліметінше, қабылданған шаралар ереуілдер санына да әсер еткен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны екі есеге қысқарып, 6-дан 3 жағдайға дейін азайған. Алайда негізгі келіспеушіліктер жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және өзге де әлеуметтік мәселелерге байланысты туындап отыр.
Пікірлер