Аудан басшысы кеше Өскеменде жиын өткізіп, ұсынған ресми ақпаратының соңына қарай кен орны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғаның сөзінше, ауданда тағы бір мегажоба бар, ол – Қызыққайың кен орнын ашу.
– Бүгінгі таңда барлау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары жобалау және құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Алдын ала деректер бойынша тек құрылыс жұмыстарына 3 000 адам жұмысқа тартылады деген болжам бар, сонымен қатар нысан жобалық қуатына енген кезде тұрақты жұмыспен 1500 адам қамтамасыз етіледі деп күтілуде, – деді Дархан Шомпайұлы.
Ал бұған дейін жұмысын бастап кеткен бентонит кен орнында қазір 70 адам еңбектеніп жатыр. Оның негізгі инвесторы былтыр ауысқан.
– Жаңа инвестормен бірлесіп нақты іс-шаралар жоспарын дайындаудамыз. Жоспар бойынша кен орыны ұлғайып, қосымша жұмыс орындары ашылуы тиіс. Тарбағатай – мал және балық шаруашылығын негізгі кәсіп еткен өлке. Ауданымыз дотациялық, яғни меншікті кіріс көзі өзінің қажеттіліктеріне жетпейтін аудан болып саналады. Жоғарыда аталған жұмыстардың басым көпшілігі облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Ауданымыздың әлеуеті артуы үшін біз жергілікті түсімді арттыруымыз керек. Ол үшін ірі кәсіпорындарын ашу қажет, – деді әкім.
Пікірлер