Бүгін қазақ кино және театр саңлақтары балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аясында облыстық драма және оперетта театрына арнайы жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұны қолға алуға еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мұрындық болды. Шараны толықтай жазсақ, белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы қарсаңында Қазақстан драма театрларының 30-шы республикалық театр фестивалі. Бұған сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктелген он театр қатысады. Алғашқы күні Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының өнерпаздары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын сахналады.
Бірақ бұған дейін Асанәлі Әшімов бастаған театр мен кино майталмандары Өскеменге қатысты естеліктерімен бөлісіп, театрлардың қазіргі жағдайын әңгімеледі. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді. Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің сөзінше, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің қара әңгімелері, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменовтей қаламгерлер жазған туындылардың басым көбі спектакль ретінде халық жүрегіне жол тартуы тиіс.
– Бұл үшін жақсы режиссура керек. Өкінішке қарай, жақсы режиссура жоқ. Ол болса, материал да бар, актерлер тас-түйін әзір жүр. Осы жағына жіті мән берілсе, театр да бар. Сондықтан өнер саласының жағдайын әркез біліп тұру керек. Осындай фестивальдердің арқасында халық пен театр арасындағы байланыс айқын көрінеді, – деді Асанәлі Әшімов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер