Өткен жылы мұнда орташа жөндеу жүргізіліп, жолдың бір бөлігіне жаңа асфальт төселген. Алайда қазірдің өзінде кей учаскелерде шұңқырлар пайда болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ең күрделі бөлік – Зимовье ауылы маңындағы 30-70 шақырым аралығы. Мамандардың айтуынша, бұл жерде жол жабыны көтеріліп кеткендіктен, тек асфальт төсеу жеткіліксіз. Алдымен бүлінген учаскелерді қалпына келтіріп, жол негізін күшейту қажет. «ҚазАвтоЖол» ШҚО филиалы басшысының орынбасары Алмас Қасеновтің айтуынша, бұған дейін нысанда жұмыс істеген мердігер компаниямен келісімшарт бұзылған.
– Аталған нысанда жұмыс жүргізген «KURYLYS GROUP» ЖШС-мен келісімшарт міндеттемелерін орындамай, жұмыс кестесін жүйелі түрде бұзуына байланысты тоқтатылды. Бүгінде 30-70 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстарын Риддер қаласындағы «ЭТАЛОН» ЖШС жүргізуде, – деді ол.
15 маусым күні трассамен жүрген жүргізушілер жол бойында арнайы техника тұрғанымен, жұмыс қарқыны байқалмайтынын айтқан. Қазір жолдың кей бөлігі шұңқырларға толы, ал уақытша төселген қиыршық тас көліктердің астынан ұшып, қозғалысты қиындатуда.
Осыған байланысты жүргізушілерге аталған учаскеде жылдамдықты төмендетіп, сақтықпен жүру ұсынылады. Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» өкілдері Риддер бағытына апаратын жолдағы жөндеу биыл толық аяқталатынын мәлімдеген болатын.
Пікірлер