A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 14:50 0

Риддерде үздік дәрігерлер марапатталды

Бүгін / Басты / Риддер

Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні атап өтіледі. Осы кәсіби мерекеге орай Риддер қаласында салтанатты іс-шара өтіп, оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мерекелік жиын Риддердегі «Кедр» шипажайы аумағында ұйымдастырылды. Шараға облыстың барлық қала-ауданынан келген медицина қызметкерлері жиналды.

– Баршаңызды кәсіби мереке – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті, терең білім мен жоғары кәсібилікті талап ететін мәртебелі мамандық, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі мен халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, «Саланың дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

– Облыстық наркология бөлімінде 37 жылдан бері еңбек етіп келемін. Алған марапатыма өте қуаныштымын. Еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп жатқандарына мың да бір алғыс! – деді «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Шұға Қамшыбаева.

Сондай-ақ шара барысында өңірдің денсаулық сақтау саласын қолдау бағытында атқарылған жұмыстар да айтылды. Өткен жылы облысқа жұмысқа келген 37 дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде бірреттік көтерме төлем берілген. Сондай-ақ былтыр 72 медицина қызметкері шет елдердегі жетекші клиникалар мен білім беру орталықтарында біліктілігін арттырған.

Салтанатты жиын барысында медицина қызметкерлеріне арналған арнайы бейнеролик көрсетіліп, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив