2027 жылдан бастап қазақстандықтар медициналық сақтандыруы болмаса да, бірқатар медициналық қызметті тегін ала алады. Денсаулық сақтау министрлігі осындай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Тиісті түзетулер алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасында қарастырылған.
МӘМС болмаса, қандай медициналық қызметтер қолжетімді болады
Құжат жобасына сәйкес, азаматтар емханаға алғаш жүгінген кезде медициналық сақтандыруы болмаса да, бірқатар қызметті ала алады.
Олардың қатарында:
қан мен зәрдің жалпы талдауы;
қан қысымын және денсаулық жағдайының негізгі көрсеткіштерін өлшеу;
электрокардиография (ЭКГ);
пульсоксиметрия, яғни қандағы оттегі деңгейін анықтау;
флюорография;
жекелеген функционалдық зерттеулер;
құрсақ қуысы ағзалары мен бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ) бар.
— Осылайша, азаматтар емханаға алғаш жүгінген кезде аталған медициналық қызметтерді алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы міндетті емес, — делінген бұйрық жобасында.
Бұл өзгерістер емханалар деңгейінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшуге байланысты ұсынылып отыр.
Министрліктің түсіндіруінше, жаңа тәртіп негізгі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және медициналық қызметтердің әртүрлі көмек пакеттерінде қайталанбауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерге автоматты түрде қоңырау шалу жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Медициналық ақпараттық жүйелерге қосылған арнайы бағдарламалар азаматтарға өздігінен хабарласып, қажетті ақпаратты жеткізе алады. Бұл емхана қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін азайтуға бағытталған.
Бұйрық жобасы 23 қазанға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Бұған дейін алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандартының жаңа редакциясында қазақстандықтардың тексеру нәтижелерін емханаға қайта бармай-ақ алуына мүмкіндік беретін норма қарастырылғанын жаздық.
Пікірлер