«Алматы – Өскемен» тасжолымен кетіп бара жатқан жүк көлігі Жетісу аумағына жеткенде аяқ асты өртенген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сенсек, оқиға бүгін таңертең тасжолдың 175-шақырымында болды. Патрульдік полиция қызметкерлері жолда өрт өрши түскен Volvo жүк көлігін байқап, бірден тоқтаған. Олар жүргізушіге көмектесіп, өрт сөндіру құралдарымен жалынды ауыздықтауға ұмтылды. Кейінірек бұл туралы видео әлеуметтік желіде де таралды.
Полиция мәліметінше, жүк көлігінің тіркемесінде 38 жылқы болған. Содан өрт сөндірушілерді күтпей, полицейлер жануарларды өз беттерінше далаға шығаруға кіріскен. Қуанышқа орай, барлығы құтқарылды. Анықталғандай, жүргізуші жылқыларды Күршімнен Шымкентке тасымалдап бара жатқан.
Тәртіп сақшылары мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Пікірлер