2026 жылғы 28 қазанда жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында №5518 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуының стратегиялық басымдықтары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды. Жиында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, қоғамдық жауапкершілікті арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар, ең төменгі жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру, 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитін қамтамасыз ету, цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі жоспарлар таныстырылды.
Сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика әлеуетін арттыру және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту бағыттарына тоқталды. Кездесу барысында Мұрат Нұрбикенов Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің елдің тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда көтерілген заң мен тәртіпті нығайту, экономиканы дамыту, цифрландыру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік жүктейді. Әсіресе әскери қызметшілер үшін заңға құрметпен қарау, тәртіп пен жауапкершілікті сақтау – күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Сондықтан Жолдаудағы басым бағыттарды түсініп қана қоймай, оларды жүзеге асыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет, – деді Мұрат Нұрбикенов.
Кездесу соңында әскери қызметшілерге Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша ақпарат беріліп, елдің болашағы мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі әр азаматтың рөлі атап өтілді.
Пікірлер