A+ A A-

talgatzhan 77 30-09-2024, 17:21 0

Өскеменге Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек келді

Бүгін / Өскемен / ЖАҢАЛЫҚТАР

Париж Паралимпиадасында топ жарған дзюдошы Ақмарал Науатбек бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Білім ордасының ұжымы мен студенттері қазақстандық параспортшыны ыстық ықыласпен қарсы алды. Айта кетейік, Ақмарал Науатбек аталған жоғары оқу орнының «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша 2 курс магистранты. 
- Ақмаралдың осы оқу орнында білім алып жатқанын мақтан тұтамыз. Жаттығуларын да осында өткізген еді. Франция төрінде алтыннан алқа таққанда өте қуандық. Бүгінгі кездесуді де студенттер ерекше күтті, - дейді университет басшысы Мұхтар Әділбекұлы. 
Ақмарал Науатбек дзюдомен 11 жасынан айналысып келеді. Осы уақытқа дейін бірқатар ірі жетістікке жетіп үлгерді. 2022 жылы Бакуде өткен Әлем чемпионатында алтын, былтыр Азия чемпионатында күміс медаль еншіледі. Ал Париж Паралимпиадасының финалдық белдесуінде франциялық қарсыласы Сандрин Мартинді 10:0 есебімен жеңіп, Қазақстан қоржынына екінші алтынды әкелді. Ол студенттерге спорттық мансабы туралы әңгімелеп, көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. 
- Бүгін осындай дәрежеде күтіп алады деп мүлдем ойламадым. Қуанышыма ортақтасып, құттықтап жатқандырыңызға рахмет. Спортшы үшін оқу мен жаттығуды қатар алып жүру қиынға соғатынын жасырмаймын. Дегенмен, мені әркез қолдап жүрген оқытушыларыма алғысымды айтқым келеді, - деді дзюдошы. 
Шара барысында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит спортшының жеңісін ерекше атап өтіп, құттықтау хатын тапсырды. Ары қарай студенттер Паралимпиада чемпионына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ақмаралдың айтуынша, Қазақстанда дзюдо спорты қарқынды дамып келе жатыр. Қыздар арасында Ғалия Тыныбаева мен Әбиба Әбужақынованы да ерекше атап өтті. Спортшы олимпиадаға психологиялық дайындықпен бару аса маңызды екеніне тоқталды. Ол сегіз ай көлемінде психологпен тұрақты жұмыс істеген. Ақтық сында аренаның 95 пайызы қарсыласы француз қызына демеу көрсетсе де, бапкерлері оны тек жеңіске жігерлендірген. 
- Спорт жолында алған жарақаттарым да болды. Тіпті дәрігерлер аяққа тұру қиын болады деп те айтқан. Жеке өміріме де өз әсерін тигізді. Бірақ спорт мені ешқандай қиындыққа мойынсұнбай, басымды тік ұстап, алға ұмтылуға үйретті, - деді Ақмарал Науатбекова. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет: Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив