Өңірдегі барлық қарттар үйі мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған орталықта орын толы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
1, 2 топтағы мүгедек жандар мен қарттарға арналған алты мекемеде 663 адам әлеуметтік қызмет алады. 18 жастан асқан психоневрологиялық дертке душар болғандарға арналған үш мекемеде мыңнан астам адам тұрады. 143 орындық Өскемен балалар орталығы да жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек Выдриха ауылында 250 төсектік «Уба» санаторийі және Грехово кентінде 80 орындық сауықтыру орталығы бар. Бұл жерге халықтың әлеуметтік қорғалған тобына жататын азаматтар тегін емделуге келеді.
Аталған мекемелердің барлығына ортақ мәселе – тамақтандыру сапасы. ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың сөзінше, биыл 12 ведомстволық бағыныстағы орталыққа азық-түлік сатып алу үшін бір млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
- Бағаның өсуіне байланысты жыл соңына дейін 72 млн теңгеге қосымша азық-түлік тауарларын сатып алу керек. Келесі жылға 512 млн теңге қажет, - дейді ол.
Мәселен, Риддер орталығы психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқан адамдарды қабылдайды. Онда 720 орын бар. Биыл орталықты ұстауға 1 655 000 теңге қарастырылған. Оның ішінде азық-түлік сатып алуға 344 миллион теңге бөлінді. Жауапты маманның айтуынша, ереже бойынша бір адамға 1 311 теңге көзделген.
- Азық-түлік тауарларының нарықтық құнын талдау кезінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлерінің бұйрығымен бекітілген тамақтану стандарттарына сай орташа сома 2967 теңгені құрауы тиіс екені белгілі болды. Ал бұл бөлініп отырған қаржыдан 1 656 теңгеге немесе 2,2 есеге артық. Қарттар мен мүгедектердің тамақтануын қаржыландырудың жетіспеушілігі жергілікті бюджет есебінен толықтырылуы тиіс, - деді Альмира Әскерханқызы.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев облыстық мәслихат депутаттарына шұғыл түрде шығысқа ревизия жасап, жетіспейтін қаржыны бөлуді тапсырды.
Пікірлер