A+ A A-

talgatzhan 48 17-10-2024, 11:30 0

Өскемендегі «BarS» футбол мектебінде ерекше балалар жаттығады

Бүгін / Өскемен

2017 жылы өскемендік Эльмира Батырбаева «BarS-Arena» спорт кешенін ашты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жас жеткіншектерді спортқа баулу үшін ол «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы несие алған. Бұл тұста кәсіпкерге «Даму» қоры несиенің пайыздық мөлшерлемесін судсидиялау арқылы қолдау көрсетті. Эльмира Тұяққызының сөзінше, бүгінде ала допқа қызығатын балалардың саны артуда. 
- 7 жыл бұрын қаладағы алғашқы жеке меншік футбол мектебін аштық. Бүгінгі күні 3-15 жас аралығындағы 450-ден астам бала спорттың осы түрімен айналысып келеді. 13 қызметкер жұмыс істейді. Мектепте 3 үлкен доп алаңы жабдықталған. Сондай-ақ волейбол және баскетболмен де айналысуға мүмкіндік бар, - дейді ол.

Мұндағы балалар футболмен айналысып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға дағыдаланады. Эльмира Батырбаеваның айтуынша, ата-аналар балаларын кіші жасынан бастап спортқа әкеледі екен. 
- 3-5 жастағы балалардың бойында энергия көп. Бірақ гаджеттердің кесірінен іштей тұйықталып, көгілдір экран алдында телміріп отыратындары жоқ емес. Ал футбол оларды командада жұмыс істеуге үйретеді. Балаларға мотивация беру мақсатында біз түрлі марапаттар дайындаймыз. Олар өздерін қазірден-ақ  болашақ чемпион сезінсе екен деймін. Кәсіби футболға әуестеніп, психологиялық тұрғыдан да дайын болуына назар аударамыз, - деп атап өтті мектеп басшысы. 
Футбол клубының бір ерекшелігі – мұндағы бапкерлер ерекше қажеттілігі бар балаларды да жаттықтырады. Аутизм дертіне шалдыққан жас футболшылар үшін арнайы топ құрылған. Эльмира Тұяққызының ендігі жоспары – Жібек маталар комбинаты (КШТ) ықшамауданында да дәл осындай спорт орталығын салу. 
Айта кетейік, «BarS» футбол мектебінің түлектері қазіргі таңда «Алтай» клубында өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге жетіп жүр. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив