2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында «IBA Kazakhstan» ЖШС-мен Өскемендегі қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын төлеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу туралы келісім жасалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Арман Искаковтың айтуынша, орталық базасында мәліметтерді өңдеу, диспетчерлік басқару, процесстік, эмиссиялық және халыққа қызмет көрсету орталығы бар инфрақұрылым ашылды.
-Қазіргі таңда Өскеменде 53 жол жүру картасын сату, толтыру және беру пункті бар. Оның 11-іне жеңілдігі бар санаттағы азаматтар жүгіне алады. Жол жүру ақысын төлеудің автоматтандырылған жүйесі арқылы жолаушылар жүргізушінің немесе кондуктордың көмегінсіз төлем жасай алады. Жүйенің бір кемшілігі - картадағы қаражатты онлайн толтыру мүмкіндігі қарастырылмаған, - дейді ол.
Жауапты тұлғаның мәліметінше, өңір орталығында 268 қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 220 автобус, 41 шағын автобус және 7 трамвай бар. Ал Oskemenbus мобильді қосымшасы арқылы диспетчер қызметкерлері ғана емес, кез келген қала тұрғыны қоғамдық көліктің қайда келе жатқанын бақылай алады.
- Қоғамдық көліктерде орнатылған перифериялық жабдық жүргізушілерге дабыл хабарламаларын жылдам жеткізгуе және диспетчерге тікелей қоңырау шалуға мүмкіндік береді, - деді Арман Искаков.
Жалпы, бұл жүйе қаладағы қоғамдық көліктердің қызметі туралы объективті ақпарат пен анықтамаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Фотосурет: inbusiness.kz
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер