8-14 қаңтар аралығына арналған жұлдыз-жорамал

4000
көрілім

Тоқты

Ауқымды жұмыс бастау үшін нық қадамдар жасап, белестерді бағындыруға көшіңіз. Ертерек тұрып, спортпен шұғылдануға ұмтылыңыз. Бойыңыздағы күш-қуатты орнымен жұмсамасаңыз алтын уақытыңызды құр босқа жіберіп аласыз.

Торпақ

Дүкеннен бір зат сатып алсаңыз оның сапасына мән беруді ұмытпаңыз. Кез келген ұсақ-түйек дүние сіз үшін түбі маңызы зор жайтқа айналмақ. Қазір кез келген қиындыққа күле қарап, сабыр сақтап бағыңыз.

Егіздер

Апта көлемінде әр сөзіңізді сүзгіден өткізіп, орынсыз пікір айтып қалудан сақ болғайсыз. Кейде үнсіздікті серік етуге тура келеді. Жеке өміріңізде сүйіктіңізбен келіспеушіліктер туындап, ренжісіп қалуыңыз ғажап емес.

Шаян

Бастаған ісіңіз ілгерілемей, бір орында тұрып қалғандай болады. Бұның барлығы да басшыңыздың сізге деген жүктемені көбейтіп жіберуінен. Кейде екеуара келісіп, ыңғайлы жұмыс тәртібін қалыптастырған жөн.

Арыстан

Өзіңіз таңсық, тереңіне бойлап көрмеген бағытта толағай табысқа жетесіз. Демалыс күндері тынығып алуды ұмытпаңыз. Барлығына бірдей үлгеремін деп жанталаспағаныңыз жөн.

Бикеш

Апта басында-ақ күтпеген жайттармен ұшырасып, таң-тамаша боласыз. Таңдануыңыздың себебі сол, ғұмыры араласпай кеткен жандар қоңырау шалып, көмек сұрайды. Сенбі кешкісін серуендеп қайтыңыз.

Таразы

«Таспен атқанды аспен ат» демекші, қателігіңізді аңдып отырғандарға жақсылық жасауға тырысыңыз. Ал қандай да бір істі қолға алып, біреудің жетістігіне іштарлық танытсаңыз түбі сол ойыңыз өзіңізге кесел болуы ғажап емес.

Сарышаян

Қазір орнатқан кез келген таныстығыңыздың алдағы өміріңізге елеулі өзгерістер әкелетіндігіне күмән келтірмеңіз. Неғұрлым табысқа жеткен адамдармен аралассаңыз, өзіңіз де қажет дүниелерді қамтып қаласыз.

Мерген

Маңызды жұмыстарды апта аяқталмай тәмамдап алуға тырысыңыз. Қазір қолыңыз тигенде тынығып алуды ойлайсыз. Кейінге қалдырмаңыз, әйтпесе қауырт тірліктен қолыңыз босамай, соңы денсаулығыңыздың сыр беруіне әкелуі кәдік.

Тауешкі

Осы апта соңғы уақыттардағы күрделі кезеңдердің бірі болғалы тұр. Жұмыста қарбалас көбейіп, қағаз жұмысы қаптайды. Ең бастысы – мұның барлығын еңсеруге күш-қуатыңыз жетеді!

Суқұйғыш

Дәл қазір кіммен болсын сөз таластырудың еш реті жоқ. Себебі, кейін татуласудың реті келмей, араларыңыз одан әрі суып кетеді. Ойыңызды басқа жаққа бұру үшін хобби тауып алыңыз.

Балықтар

Мәнсабыңыздағы көптеген өзгерістер басшыңызбен екеуара қарым-қатынасыңызға байланысты болады. Өзіңізге қойылған жүктемені асыра орындасаңыз онда барлығы дұрыс. Ал жоқ жерден ағаттық жіберіп, кінәні өзгеден іздеуге ұмтылсаңыз онда қасықтап жинаған беделіңіз шөміштеп төгілмек.