Үлкен Қаратал ауылында биыл мектеп салына ма?

1447
көрілім

Бұл сұраққа Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайни Қабидолдина жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр облыс әкімі Ермек Көшербаев аталған ауданған жұмыс сапарымен барып, бірқатар мәселе бойынша тапсырма берген болатын. Солардың бірі – Үлкен Қаратал ауылында қарағайдан салынған мектеп жағдайы. Білім ошағының өзі 2000-шы жылдары бой көтерген. Әлі ескіре қоймаса да, кемшіліктері байқалды. Бар гәп жертөлесінде. Сыз тартып, қабырғасы түсіп, сұрқы қашқан. Сол уақытта аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов жер сілкінісінен соң типтік мектеп салынуы керектігін, бірақ меже орындалмай қалғанын жеткізген еді. Аймақ әкімі Ермек Көшербаев бірден Білім басқармасы өкілдеріне қай жерлерге жаңа оқу орындарының құрылысын жүргізу керектігін анықтауды тапсырды. Соған сәйкес мектептердің тізімі әзірленуі тиіс-тін. Қазір қалай?
– Жұмыс бастауға құжаттар дайын, жер берілген. Қазіргі уақытта тек облыстық білім басқармасымен келісімшартқа қол қойып, іске кірісу ғана қалды, – деді әкімнің орынбасары.
Жауапты тұлғаның жауабынан құрылыс мерзімі туралы сөз шықпады. Келісімшартқа биыл немесе келер жылы қол қойылатыны тағы белгісіз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ