Ұландық оқушылар Алматыдағы университеттің грантын жеңіп алды

413
көрілім
Фотосуреттер аудандық ішкі саясат бөлімінен

Ұлан ауданындағы Р. Мәрсеков атындағы орта мектептің 11-ші сынып оқушылары Қуаныш Мұхаметжан мен Сырым Жандосұлы Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің (SDU)  жыл сайын өткізетін SPT Олимпиадасынан жоғары балл жинап, төрт жылдық грантын жеңіп алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сырымның сөзінше, олимпиаданың екі кезеңінен жинаған 82 балл грант иеленуіне жеткілікті болды. Өзі Сүлеймен Демирел университетінің «құқықтану» мамандығына түсуді мақсат еткен.
Ал олимпиададан 83 балл алған екінші грант иегері Қуаныш Мұхаметжан ҰБТ-ны тапсырып, «Халықаралық құқық» мамандығына түсуге ниетті.


- Балаларымыз жүлделі орындарға ие болған олимпиадалардың қорытындысы бойынша біз «2023 жылдың үздік ауыл мектебі» атандық. Бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз. Жоба аясында жасалған бағдарлама мен оқу жоспарларының арқасында мақсатымызға жеттік, - дейді мектеп директорының орынбасары Қарлығаш Ілиясова.


Айта кету керек, Ұлан ауданындағы Р. Мәрсеков орта мектебі «Ауыл мектебі powered by NIS» жобасына 2019 жылы қосылды. Мониторинг нәтижесі бойынша қазір мектептегі білім сапасы жақсарып, облыстық және республикалық олимпиада жеңімпаздарының саны екі есеге артқан.

Нұрбек АСҚАРОВ