«Батпақ кешіп, су аламыз»: Катонқарағай ауданына қарасты Ақмарал ауылының мәселелері қашан шешіледі?

1497
көрілім

Осы ауыл тумаларының бірі «адамдар әлі күнге дейін өзеннен су алып ішетінін» айтып, елдімекен қаңырап бара жатқанына алаң білдірді. Интернет те қарқ қылып тартпайтын сияқты. Облыстағы көп ауылда бар мәселе бұл жақтан да арыла қоймаған. Тағы бір машақат тартқызып отырған жайт – Ақмаралға апарар жолдың әлі жөндеу көрмеуі. Жағдайды әкімдіктен біліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мәселе мәслихатта да қаралыпты

Ресми ақпаратта Аққайнар ауылдық округіне қарайтын елдімекенде 37 үйдің бар екені жазылған. Бірақ оқырмандар ақпаратынша, 20 түтіннен аспайды. Әкімдік пен тұрғындар мәліметінің қабыспай жатуы қалыпты жайт. Әр тараптың өз шындығы бар, бірақ мәселе сол күйі тұр. Тұрғындар сөзінше, өздері туып-өскен ауылдың табиғаты таңдай қағарлық, жаз айларында айнала жасыл кілемдей құлпырады. Азаматтар кезінде бұғы шаруашылығын дөңгелетіп, ауылда азан-қазан тірлік тоқтамаған.

– Бұл жерде мектеп деген жоқ. Бертіндері жабылып қалып, қазір балалар интернатта тұрып оқиды. Елдімекенде зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар ғұмыр кешіп жатыр, – деді тұрғындар Ақмаралдың ішкі жағдайын баяндап.

Жұрт адамдардың әлі күнге дейін өзеннен су алып ішіп отырғандарына шағымданды. Қайша Етікпаеваның сөзінше, ол жерден мал да су ішеді.

– Ауылдастардың ішіп отырғаны қара батпақ. Құбырлар жоқ па десеңіз, бала кезімізде ауыл көшелерін қазып орнатқан. Ол кеңес өкіметі кезі шығар? Екі-үш жыл үздіксіз қолданылған да болар, бірақ совхоз тарағалы істен шықты. Елдімекен шетінен Быструшка деген өзен ағып жатыр. Барлығы қыс болса қар омбылап, жауынды күні тізеден келер батпақ кешіп, су алуға барады, – деді Қайша Етікпаева.

Тұрғындар осыны айтты да төңірекпен тілдесіп, байланысудан қалғандарын жеткізді. Мұны жергілікті билік те растап отыр. Аудан әкімінің орынбасары Расул Қарабалиновтың сөзінше, Ақмарал ауылында ұялы байланыс орнатылмаған. Бұл мәселе бірнеше мәрте аудандық мәслихат отырысында қаралып, ұялы байланыс операторларына хат жолданыпты. Дегенмен ауылдастар саны аз болғандықтан интернет орнату аталған операторлар үшін тиімсіз екен. Ресми мәліметке сүйенсек, ауданда жалпы халқы 9987 адамды құрайтын 27 елдімекен бар. Тұрғындар саны 7000 адамнан асатын 11 ауылда кең жолақты (3G, 4G) интернетке қолжетімділік 70%-ды көрсеткен.

– Бұл жақ ғаламтор деген жаңашылдықты білмейді. Көрші ауылдарда, аудан орталығында – барлық жерде мәселе шешімін тапқан. Бірақ Ақмаралда әлі тыныштық. Интернет тарту үшін тұрғындар саны аз деген жауаптар жиі айтылады. Сонда «елімізде халық санағы өткенде оларды адам деп санайды, ал проблемаларды шешуге келгенде адам емес пе?» деген ой келеді. Олар да тірі адамдар ғой? Алыста жүрген ұл-қыздары, немере-шөберелері бар – солармен сөйлесуді аңсайды, – деді Рауан Сатинов.

Әкімдік өкілдері сұраухат жауабында осы тақырыпқа толығырақ тоқталыпты. Олардың айтуларынша, биыл он ауылда осы түйткіл шешіліп қалуы мүмкін. Шыңғыстай (529 адам) мен Берел (422 адам) «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС қосымша міндеттемелеріне енгізілді. Өрнек, Согорное, Қайыңды, Қабырға, Жазаба ауылдары байланыс операторының міндеттемелерін орындамауы бойынша «Шығыстелеком» ЖШС-мен сот талқылаулары жүргізілуде.

– Ұялы байланыс операторларының қосымша міндеттемелеріне қосу үшін екі ауыл, нақты айтсақ, Ақмарал мен Үшбұлақ ауылдары қаралмақ, – деді Расул Қарабалинов.

Орта жолда тоқтаған жұмыс

Интернет бойынша шағын ауылды қамтитын оң хабардың бірі осы. Әрі қарай ауызсуға қатысты ресми жауаппен бөлісейік.

– Ақмарал ауылында «АлтайКомХозСервис» мекеме балансындағы су блок модуль станциясы орнатылған. Ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту бойынша мәселе жоқ. Ауданның 27 елдімекені бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтау 26 ауылда жұмыс істейді. Су құбырларының жалпы ұзындығы 81,7 шақырымды құрайды, – делінген мәліметте.

Қиыны сол, Ақмаралда әлі күнге дейін ойқы-шойқы тастақ жол. Қыстыгүні де, жаздың жаңбырлы мезетінде де ауылдастардан маза кетеді. Рауан Сатинов әсіресе, адам ауырғанда елдімекеннен шығу қиындайтынын алға тартты. Былтыр күзде Аққайнардан Жаңаүлгіге дейін асфальт төсеп бастап, жұмыс орта жолда аяқсыз қалған көрінеді.

– Негізі ол асфальт жол Берел қорғанына дейін салыну керек деп кезінде айтылған. Берел қорғанына дейін салынса, Ақмаралға апарар жол да жартылай жақсарып қалар еді. Биыл сол жұмыс жалғаса ма? – деді елдімекен тұрғындары.

Аудандық маңызы бар жолдан Ақмарал ауылына дейінгі автомобиль жолы 7 шақырымды құрайды. Расул Қарабалинов соңғы жылдары бұл жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін жасырмады. Оның айтуынша, Аққайнар ауылдық округі тарапынан 2022-23 жылдарға аталған жолды жөндеу бойынша 9 млн 431 мың 521 теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Алайда қаражат болмапты.

– Биыл 20 млн 619 мың 504 теңгеге Ақмарал ауылына дейінгі 3,5 шақырым жолға тас төгіп, тегістеу жұмыстарын жүргізу бойынша бюджеттік өтінім жасалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында «Ақмарал ауылына кіреберіс, 0-7 шақырым» жолын орташа жөндеу 2026 жылға жоспарланған, – деді әкімнің орынбасары.

Дәл осы жолға қажет қаржыға ие болудағы сәтсіздіктер ауқымды жұмысты бастауға кедергі. Себебі, Расул Қарабалинов 20 млн теңгеден астам сомаға әзірленген бюджеттік өтінімнің қолдау таппағанын жеткізді. Соған сәйкес, бұл учаске тек ағымдағы жөндеумен шектелмек.

***

Соңғы үш жылда Ақмарал ауылынан тек бір отбасы басқа жаққа қоныс аударыпты. Аудан басшылығының бұл ақпараты рас болса, әрине, көңіл көншітерлік ақпарат. Бірақ тұрғындар бұл ақпараттың жаңсақ екендігіне шәк келтірмеді. Сайып келгенде, жоғарыда жазылған мәселелердің тым құрығанда біреуі биыл шешімін тапса, сенімнен кеткен жұрт серпіліп қалары анық..

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуреттерді ұсынған оқырман