Үлгілімалшы ауылындағы Мәдениет үйіне Елеусіз Асылхановтың есімі берілді

36759
көрілім

Көкпекті ауданына қарасты Үлгілімалшы ауылындағы мәдени ошақ қазір бастапқыдай емес, түрленіп шыққан, сырт көз сүйсіне қарайтындай сән-салтанатқа ие. Жөндеу жұмыстарынан соң «жан бітіп» ауыл тұрғындарына есігін айқара ашқан. Көпшілік мұны Тәуелсіздік күніне орай тамаша тарту деп қабылданды. Соңы концерт пен ақындар айтысына ұласқан шараға аудан әкімі Раджан Сейтқанов та қатысты.
Өнер отын маздатып
Мәдениет үйі дегенде маңызды жұмыстарын ысырып, сүйекке сіңген әдетінше сахна жаққа ұмтылатын Төкен-Елеусіз Асылханов есімі көкпектіліктер үшін бұрыннан таныс. Зайсан өңірінде кіндік қаны тамғанмен, ғұмырының көп бөлігінің Үлгілімалшы ауылында өткізді. Ең қуаныштысы, Мәдениет үйінде 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп қалдырған қолтаңбасы ауыл жұртына аян. Елеусіз ақсақалдың сәуір айында өмірден өткен жары Алтынгүл Әлтайқызы мен өжеттілігі қанында бар қызы Жанар Асылханованың пейілі бір бөлек те, інісі Бақытбек, ұлдары Қайрат пен Айдардың көңіл қоңырауы бір бөлек. Шымылдықашар сөз аудан әкімі Раджан Сейткановқа берілді.
– Қайта жөндеуден өткен мәдениет ошағы өнер сүйер қауымға есігін айқара ашып, Үлгілімалшының талантты тұрғындары өнер отын қайта маздатуға мүмкіндік алды. Бұл Мәдениет үйі сонау 1978 жылы ашылып, талай өнерпаз қанат қаққан еді. Үлгілімалшы халық театры сахналаған "Қыз Жібек" спектаклі көпшілік көкейінде әлі сақтулы. Соған орай Мәдениет үйіне жерлес ақын Елеусіз Асылханов есімі берілгені баршамыз үшін үлкен қуаныш, – деді ол.
«Анам асыға күткен еді...»
Әкімдіктен бұрын ауылдастардың қалауы еді бұл. Шара барысында ақсақалдың інісі Төлеген Асылханов сөз алып, жұртшылыққа алғыс білдірді. Жүріп өткен жолында аудандық "Жұлдыз" газетінің штаттан тыс тілшісі жұмысын жемісін атқарды. Ақындығымен қоса, қалам ұшқырлығы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесіне өтуіне негіз болды. Жалпы, Үлгілімалшы жұрты да өнерде кенде болмаған. Шара меймандары сөзінен ісі басым азаматтың ұйымдастыру қабілетін айрықша атап өтті. Аудандық байқауда топ жарған соң сол кездегі облыс орталығы Семейде үлгілімалшылықтар да сан мәрте әртістіктің биігін көрсете білген. Айтпақшы, кейде Төкен-Елеусіз деп жазылуының өзіндік себебі бар. Әу баста ныспысы Төленсін деп қойылғанымен, атасы туу туралы куәлікті ресімдеуге барғанда ұмытып қалыпты. Жөпелдемеде есіне түспей, асығып Елеусіз деп айтып жіберген. Құжатта солай көрсетілгенімен, шығармашылық жұмыстарының астына Елеусіз-Төкен Асылханов деп жазып жүрді.
– Әкем өмір бойы Үлгілімалшы ауылында тұрып, Мәдениет үйінде қызмет етті. Қазіргі келбеті мүлде бөлек! Бұл күнді анам асыға күткен еді… Енді ауылдың түрлі шаралары өткізілетін орында талантты жастар легі молая түссе деймін. Айтыс ұйымдастырылып, күй күмбірлеп, ән шырқалса қандай қуаныш! – деді ақынның қызы Жанар Асылханова.

Ақындар аянып қалмады
Салтанатты ашылудан соң туыс-туғандары арнай ас берііп, соңы ақындар айтысымен жалғасты. Жыр аламанында бәйгеге түскен сегіз ақын түрлі тақырыптарды арқау етіп, жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Соның қорытындысы бойынша көкжоталық Аян Қалымбек пен аягөздік Әлібек Мұратұлы ынталандыру сыйлығын алды. Көкпекті ауданы атынан қатысқан Фархат Маратұлы Елеусіз Асылханов атындағы арнайы жүлдені еншілеп, өскемендік Қуаныш Еркінұлы мен семейлік Жасұлан Мақаев үшінші орынға ие болды. Екінші орын Үржар ауданының ақыны Баян Бағдатұлына бұйырды.
Түркістан қаласы А. Яссауи университетінің студенті Гүлжан Ықыласқызы бірінші орын иеленсе, бас жүлдені Семейден келген ақын Әлішер Қыдырбек ұтып алды.