Желтоқсан оқиғасы үржарлық Мақсұт Тоқжігіт көзқарасымен

36158
көрілім
Шартты фотосурет

«Осы тақырыпты қозғамай-ақ қойсақ қайтеді, қанды қақтығыс өтті-кетті. 35 жыл бұрын бұрқ еткен бұла тірлік кімге қуаныш әкелді дейсің? Қазір желтоқсан оқиғасы мәнін жоғалтты» деп сөз бастаған үржарлық Мақсұт Тоқжігіт қасірет әкелген 86-ның ызғарын мүлде есіне алғысы келмеді. Өзіндік себебі де жоқ емес. Соның біреуі Желтоқсан оқиғасының нақты бір статусқа ие болмауы. Алаңдағы аяусыз қырғынды әңгімелей отырып, қоғамда әлі бір жағына шықпаған жайттарға да тоқталды. Ол ғана емес, итке таланған жастар мен жігіттерді алаңға шақырған қазақ қарагөздерінің өжеттілігін сөз етті.
«Қонаевтың орнына Колбин келді!»
Үржардың қай ауылын алсақ та аумағы ат шаптырым жер. Мақала кейіпкері әлі тұрмысы тұраламаған Келдемұрат ауылының тумасы. Сол жақта білім алып, сегізінші сыныптан соң ауылшаруашылық кәсіби техникалық училищесін тәмамдап, Ресейде әскери борышын өтеп қайтты. Келген соң жастық өмірін Алматыда жалғастыруға бел байлады.
Әңгіме әлқисасын бастамай тұрып Мақсұт Қуанқанұлы қарапайымдылыққа басып, талай жастың көзінен жас, тәнінен қан ағызған зобалаң сәт жайлы тіс жарғысы жоқ еді. Дегенмен сапер күрегімен ұрып, су шашатын машиналар астында қалған жастардың жанұшыра айқайлап, шалажансар боп жатқаны елес берсе керек, барлығын басынан баяндады. Брежнев алаңында болған өзге жерлестеріміздің айтуынша, 1986-шы жылы Алматыда қыс жылдағыдан ертерек түскен. Дым бүркіп, қалаға келіп шөккен сарышұнақ аяз көпшіліктің өңменінен алыпты.
– Ол кезде АДК-да (Алматы үйқұрылысы комбинаты) құрылысшы едім. Сондағы жатақхананың әр бөлмесінде радио қосылып тұратын. Қоңырқай дауыстан суық хабар екені бірден сезілді, заматта «Пленум өтіп, Дінмұхамед Қонаевтың орнына Колбин келді!» деген ресми хабар таралды. «Бұлары қалай? Естідіңдер ме, ағамызды алып тастапты!» деп жігіттер дүрілдесіп қалды. Қателеспесем 16-сы күні болуы тиіс, екінші сменаға келсем крановщик қыз «алаңда забастовка болыпты» деп бұрын естімеген сөзді айтты. Содан жуынып-шайынып, жатақханаға келсем кіргізбей, ішке зорға ендім. Бөлмелерде басы жарылып, қансыраған жігіттерді көріп, жүрегім атқақтай жөнелді, – деді кейіпкеріміз.
Баруға бекінген сәт
Брежнев алаңы – көсіліп жатқан кең сауыр. Күншығыс басынан еңіске қарай шалт құлап, Фурманов көшесі құлдай түсіп жатыр. Наразылық алауын тұтатқан жігіттердің алғашқы легі желтоқсаның 16-сы күні түстен кейін сол жерге бір барып, қызыл жағалылармен ерегесіп үлгерген. Ал өрт сөндіру көлігі алаңға ызғытып жетіп, біршама адамды таптап өткенде басталған қақтығыс түн ортасына дейін толассыз жалғасыпты. Жатақханадағылардың жартысы барамыз деп, жартысы әлі нақты шешімге келе алмай тұрды. Үржарлық азамат ыстық шәйдан ұрттап, бар-жоқты талғажау еткен соң алаңға баруға бекінді. Түнгі сағат 12:00 кезі. Жан жолдасы Нұрбай да бармауды ар санап, бір шешімге келді. Сөйткенше болған жоқ сырт жақтан ұрандата айқайлаған қыздардың даусы шықты. «Жігіт болсаңдар шығыңдар!» деген сөзден тартыншақтап қалған ешбірі болмады. Жастар қарасы тұтас нөпірге ұласқан. Вахтада қарауылдап тұрған милицияларды ығыстырып, «алаңда нендей шу?» деп шаһарды жоғарылап жүре берді. Жүз бе, бес жүз бе, нақты емес, анығы сол, қаптаған жұрт арасында Алматы мақта дәке комбинаты мен Алматы үйқұрылысы комбинатының қыз-жігіттері болуы кәдік.
– Абай даңғылымен келе жатып алдымыздан ит жетектеген солдаттар шықты. Ел бастаған азаматын алып тастағандығына қаны қарайған жастар қойсын ба, әлгілерді иттерімен қосып быт-шыттарын шығарып, лезде ұмар-жұмар етті. Екпін алған жастармен бірге алаңға жеттік, – деді Мақсұт Тоқжігіт.
Әскерлерді әкеп төгіп жатқандай
Әр жерде қаңтарулы тұрған көліктердің жанында сірескен әскер тұр екен. Милиция, өрт сөндірушілер, шекара әскерінің курсанттары, ішкі әскер – бәрі тұр. Кинодағыдан аумайды. Самсаған сары қол. 17-сі күні шамамен таңғы сағат 6:00-ге дейін тапжылмай тұрған топ нәр татпаған. Таңға жуық тарасқан жастар түс ауа қайта жиналды. Алғашқы күндегідей емес, қара саны әлдеқайда мол. Бірақ қарсы тарап та тас-түйін қамданып үлгерген. Үш қатар сап түзеп, пәрмен күтіп тұр. Ал арғы беттен лықси төгіліп, кеу-кеулеп келе жатқан көп жұрт іргесін бұзбай, қалың әскерді қақ жарып бері өте алмай тұрды.
– Саптың ең алдында тұрған милициялардың дені қазақтар. Келесісінде солдаттар, ал ең соңында қолдарына арматура ұстаған өзге ұлт әскерилері иін тіресіп тұрды, – дейді жерлесіміз. – Қас қарайып қалған. Бір мезетте музей жақтан қаптаған қызыжағалылар көзге шалынды. Топ-тобымен түсіріп бітпейді, құдды бір әскерді әкеп төгіп жатқандай. Ал көзкөрім жерде белгілі әнші Роза Бағланова сөз алып, жиналғандарды сабырға шақырды. Сөйлеп тұрып, көзіне жас алғаны бар. Өз басым қыздарға ризамын. Кей сәттерде жігіттерді жігерлендірген де солар.
Үржарлық азамат қызылордалық досы Нұрбаймен милициялар тобына таяй бере: «Қыздарды ұрмаңдар, олардың жазығы жоқ!» деп айтқандары бар. Олар да «Иә, әлбетте, ондайға бармаймыз» деп сендіріп баққан. Сол-ақ екен алаңдағы дауыс зорайтқыштардан шыққан «Пленум шешімі өзгертілмейді» деген сөйлем отқа майды құйып кеп жіберді. Ысқырық көбейіп, жастар жан-жақтан айқай-сүреңге басты. Жерлесіміздің айтуынша, «Қазақстанға қазақ басшы!» деген ұранды өзге ұлт өкілдері де қолдады. Соққыға жығылғандардың арасында олар да бар. Осы уақытта бұйрық беріліп кетсе керек, қолында биік қалқаны, резеңке таяғы бар әскер елді сабай жөнелді. Екпін алған бойда Мақсұт Тоқжігіт жүрген топты «Океан» деген гастрономға дейін тықсырып тастады. Қарулы топқа жалаң қолмен қайдан тойтарыс берсін?! Қыз-жігіті аралас, шегіншектеп барып қайтадан Абай даңғылына түсті. Жарақат алғандар аз емес. Жерлесіміз соққы жеді, жегізді де.
«Қорлықтың зорғысы осы екен»
Сол жылы көпшілікпен болған азаматтардың айтуынша, алаңда итке таланған жастардың айқайы,  қыздардың уыстап тұрып шашынан ұстап алып лақ тартқандай өрге сүйреген сәттерден кімнің болсын аяқ астындағы жер лықсып төмен түскендей әсер берген.
– Содан жатақханамызға оралдық. Жігіттер ертең тағы барамыз деп шешті. Көшеге шығып едік, үш-төрт қазақтың басы қосылса солдаттар тұра қуып, сабай жөнеледі. Мен үшін қорлықтың ең зорғысы, өз еліңде, өз астанаңда жүре алмау. Келе жатқаныңды көрсе ұрғанның жөні осы екен деп ақырып кеп төпелей жөнеледі. Кешінде қайта бардық алаңға. Милициялар алаңды қоршап тастапты, қосымша күш үсті-үстіне қосылып жатыр. Қарбаласта жерлес ақын Ұлықбек Есдәулеттің бір туысын жолықтырдық. Бізбен бірге істейтін. Бет-аузы көгала қойдай, сөйтсек, жастардың бір тобын қала шетіне апарып аямай сабапты. Айтпақшы, бір жігіт автобусқа нығалғандардың арасында басы жарылып, бет-аузын қан жуып кеткен танымал режиссер Әзірбайжан Мәмбетовты көріпті, – деді Мақсұт Қуанқанұлы.
Алаңдағы арпалыстың қысқаша көрінісі осындай. Ең сорақысы, сол жерде болғандардың көбінің дерлік арманы аяққа тапталып, жарқын өмірлеріне дақ түсті. Мақсұт Тоқжігіттің әрі қарай тағдыры не болды дейсіздер ғой? Көппен еріп бір апта жұмыстан қол үзіп қалды.  Ерлан Сұлтанұлы есімді  цех басшысы шұғыл жиналыс ашып, алаңда болған жұмысшылар комбинаттың акт залында бас қосты. Комиссия қылып қазақ-орыс азаматтарын отырғызып қойыпты.
– Цех басшысымен аман-сәлемім түзу, күнделікті өмірде сыйласып жүретінбіз, – деді жерлесіміз. – Соған сеніп отырғанда «Міне, мынау, жұмысқа шықпай алаңға барған» деп ең бірінші мені көрсетпесі бар ма?! Комиссия өкілдері салған жерден талай жөнелді. Жерден алып, жерге салған соң «уволить» деп бір шешімге келе қалды. 33-ші баппен айыпталдым. Ең жаманы осы еді, сотталғанмен бірдей. Ешқайда жұмысқа алмайды.
Әрі қарай сөз тамам. Жүзі суық бапты арқалап, жұмыстан да, жатақханадан да шығарылды. Қайтпек керек? Жиырманың бесеуінде, қылшылдап тұрған шағында бар жоспары күл-талқан болған кейіпкеріміз аягөздік досымен құрылысты басқа жақта жалғастыруға оқталды. Прораб қазақ жігіттері болса «Жұмысқа аламыз, тек кадрлар бөлімінің рұқсаты керек» деген. Обалы кәнеки, өзге ұлт өкілдерінен аса алмай жүрді. Таныс жігіттер еңбек кітапшасына түскен «дақты» жоюға кеңес берді. Ол кездің жұмыс барысы былай еді: бір жерден шығып, басқа бір жерге жұмысқа кірмесең сотталасың. Тіпті арамтамақтық деген бап та болған көрінеді. Сәтіне орай 33-ші баптан құтылудың жолы табылды, дегенмен қудалау маза бермеген соң Келтемұратқа қайта оралды.
Желтоқсаншыларға жеңілдік бар ма?
Мақсұт Қуанқанұлы дегенде тағы бір трагедиялы оқиға қатар айтылған-тұғын. Желтоқсан оқиғасынан Ресейге қашуға мәжбүр болғаны, сол жақта құлдыққа түскені. Құлдықтан босап туған ауылына жеткенде ата-анасының бақиға аттанғаны. Қуанышқа орай мұның барлығы жаңсақ пікір. Өзі отбасында төрт ағайынды. Ағасы Мәуліт бақиға аттанғанымен Ләйлә, Хадиша есімді әпкелері бар. «Қазақстанға өз көсемі керек» деп атойлап алға ұмтылған азамат Келдемұрат ауылында күнделікті күйбеңмен нәпақасын тауып, кіндік кескен жерінде ғұмыр кешіп жатыр. Айтуынша, сол елдімекеннен көтеріліске төрт адам қатысқан.
Желтоқсан оқиғасы дегенде көңілі аласұратын бір ғана жайт бар. Күні бүгінге дейін нақты бір статусқа ие бола алмауы. Өмірлік ұстанымы да ерек: «Маған медаль да, ақша да, үйде қажет емес. Тек тарих бұрмаланбаса болды». Осы ойдың астарында «Желтоқсан көтерілісі шынымен болып па еді?» деп төбеден түскендей сауалдар қойылуынан секем алатынын байқау қиын емес. Жалпы желтоқсаншылар қауымына ешбір жеңілдік қарастырылмаған. Осыны бекітетін уақыт жеткен сияқты. Тым құрығанда желтоқсаншылар бас қосатын форум өткізілсе еш әбестік болмас. Жерлесіміздің ойы да осымен үндес. Қоғамдық көліктерде тегін жүруді құптай қоймас. «Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алған сияқты арнайы дата шеңберінде атап өтсе» деп тарихта сақталуына тілеулестік танытты. Шенді-шекпенділерге күнделікті отырыс-жиындарды жиілеткенше, осы мәселеге бір сәт бас ауыртқан жөн сияқты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ