«AMANAT» партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнатты

4485
көрілім

«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы аясында делегаттар үшін панельдік оқыту сессиялары өтті. Іс-шараның спикерлері Үкімет мүшелері – министрлер мен вице-министрлер, модераторлары Мәжіліс депутаттары болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мыңнан астам депутаты басқосып, жалпы міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылап қана қоймай, бейінді министрге, орталық мемлекеттік органның басшысына өздерін қызықтыратын кез келген сұрақты тікелей қоюға мүмкіндік алды.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, әдетте мәслихат депутаттары Премьер-министрмен немесе басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесе алмайтындығын жиі айтатын. Алайда нақ осы форумда оларға сондай мүмкіндік жасалды. 
«AMANAT» партиясының да жаңаруы осылай басталады. Мәслихат депутаттары Үкіметке өз өңірлеріндегі ең өзекті және өткір мәселелерді тікелей жеткізе алды. Партия өз тарапынан, біріншіден, өкілді және атқарушы билік арасындағы байланыстырушы рөлін атқарса, екіншіден, Президент пен партияның сайлауалды уәделерінің толық көлемде орындалуын бақылауды күшейтеді. Бұл істе партиядан сайланған мәслихат депутаттары маңызды рөл атқарады. Біз халық алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Өңірлердегі халық қалаулылары жүйелі және қажырлы еңбек етуі керек. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сенімі мен үмітін ақтау», – деді ол.
Барлығы 11 панельдік сессия өтіп, оның жұмысына барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мың депутаты, «AMANAT» мүшелері қатысты. Олардың алдында Үкімет мүшелері: Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет министрі Асхат Оралов, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сөз сөйледі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен әңгіме барысында депутаттар мамыр айының қорытындысы бойынша 15,9%-ды құраған инфляцияның өсу мәселесін көтерді.
«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдардан бері көптеген қиын жағдай орын алды. Бұл пандемиядан басталып, логистикалық тізбектер бұзылды, сондықтан біз қазір мүлдем жаңа жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, біздің экономикамыздың да және көрші елдердің экономикаларының да үйренері көп. Үйреніп те жатырмыз. Енді инфляция төмендейді. Біздің мақсатымыз– оны екі есе азайту», - деді ол.


Сондай-ақ министр әкімшілік реформа және бюджеттік қатынастар мәселелеріне жеке тоқталды.
«2022 жылы жергілікті бюджеттердің кіріс базасы бірқатар төлемді жергілікті деңгейге беру есебінен 81 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бюджеттің IV деңгейіне мынадай салықтар: заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтардың 50%, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жоспарланады. Соның нәтижесінде ауыл бюджеті 3 есеге ұлғайады деп күтіліп отыр», - деді Әлібек Қуантыров.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесуде форум делегаттары ерекше қажеттіліктері бар адамдарды шипажайларда оңалту мәселесін көтерді.
«Бюджет қаражатын шипажайлық емге жұмсаудың дұрыстығын қайта қарау керек. Мүгедектігі бар адамдар, әсіресе арбаға таңылған жандар шипажайларға кіре алмайды. Биыл мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарға осы мақсатта 200 мың теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Алайда біз шипажайға бармаймыз. Бұл қаражатты ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өздеріне беруді ұсынамыз, өйткені қызмет ұсынушылар тиісті деңгейде қызмет көрсетпейді», – деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Гүлназ Қосмұрзиева.
Бұл сұраққа жауап берген Тамара Дүйсенова мәселе біртіндеп шешілетінін жеткізді.
«Осы мәселе бойынша біз жан басына шаққандағы қаржыландыруды 1 шілдеден бастаймыз. Біртіндеп монетизацияға жетейік. 1 шілдеден бастап қанатқақты жоба басталады»,-деді вице-премьер.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен өткен панельдік сессия барысында депутаттар қолданыстағы нормалар бойынша халқы 150 мың адамнан аз қалаларда ашуға болмайтын травматологиялық пункттерді ашу мәселесін қозғады. Олар бүгінде тұрғындары облыс орталығына баруға мәжбүр болып жүрген Рудныйдың жағдайын алға тартты. 
«Иә, министрліктің мұндай бұйрығы бар. Бірақ бұл жарақат пункттері жоқ және көмек көрсетілмейді деген сөз емес. Травматологиялық пункттің функцияларын қалалық ауруханалардың қабылдау бөлмесі жүзеге асырады. Бұл туралы бйрықта жазылған – халық аз болғандықтан, жүктеме жоқ, қабылдау бөлмесі бұл қызметтерді жүзеге асырады және төлем жасалады. Алайда егер Травматология және ортопедия ҒЗИ қазір ұсынысты зерттеп, қолдайтын болса, мен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге дайынмын, біз сіздермен бірге травматологиялық көмек көрсету туралы бұйрықты қайта қарай аламыз», – деп жауап берді министр.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасының Үкімет ұсынған нұсқасы депутаттар мен қоғам белсенділерінің әділ сынына ұшырағандықтан, барлық деңгейдегі депутаттарға заңның балама нұсқасын әзірлеуді ұсынды. 


«Мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқаруға да, өзін-өзі басқаруға да қатысты аралас институт болып қала береді. Институттың бұл екіұшты сипатын өзгерткен жөн. Мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін неғұрлым нақты және толық сипаттау және олардың жұмысын Мәжіліс депутаттары сияқты транспарентті ету қажет. Бұл туралы Президенттің тапсырмалары бар. Сондай-ақ, бұл – ел басқару ісіне азаматтарды араластырудағы маңызды бағыттардың бірі. Мемлекеттік функцияларды орталықтан аймақтарға беруді көздейтін әкімшілік реформамен бірге бұл орталықсыздандыруға және басқарушылық шешімдерді жергілікті жерде қабылдауға тағы бір маңызды қадам болады. Яғни, проблемаларды министрліктерге қарағанда жақсырақ білетін жерде», - деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Никита Шаталов.
Сонымен қатар, форумның пленарлық бөлімінде партия Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT»-тан сайланған мәслихат депутаттары үшін осындай іс-шаралар тұрақты негізде өткізілетінін атап өтті.
«Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Бұл бағытта биліктің барлық тармақтарының ортақ ұстанымы, ауызбірлігі бар екенін бүгінгі Форум көрсетті деп ойлаймын. Форумды жыл сайын немесе екі жылда бір рет өткізілетін дәстүрлі іс-шараға айналдыруды ұсынамын. Сіздердің қол шапалақтап көрсеткен қошеметтеріңізді қолдау деп түсінемін. Форум бүгінгі жиынмен аяқталмайды. Келесі жылы да жиналып, осылай Үкімет мүшелерін, жергілікті билік өкілдерін шақыруымыз керек деп ойлаймын», – деді «AMANAT» Төрағасы.
Осы орайда, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету партия Саяси тұғырнамасының басымдықтарының бірі екенін айта кеткен жөн.
Еске сала кетейік, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының мүшелері 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың республикалық және 20 өңірлік жол картасын бекітті. Атап айтқанда, 78 млн. шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салу, мектепке дейінгі ұйымдарда 300 мың, мектептерде 1,5 млн. орын ашу, халықты 100% сумен жабдықтауға қолжетімділігін қамтамасыз ету, шағын бизнес үшін 15 мың кедергіні жою және т.б.