Бозанбай ауылында «Шығыс салбұрыны-2022» бүркітшілер сайысы өтті

14560
көрілім

Көршілес елдерден бөлек, өңіріміздің әр түкпірінен келген қатысушылар балапан, тастүлек, мұзбалақ, қанадан бастап, 10-11 жастағы барқын мен баршынға дейін ұшырды, деп хабаралайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Дәстүрлі шара биыл халықаралық деңгейге жеткен. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев қазір Ұлан өңірі бойынша жеті азамат бүркіт асырап отырғанын айтты.
- Құс баптау - бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Алда ұлттық спорт ойынымыздың ауқымын кеңейту жоспарда бар. Бұл жолы 30 құсбегі бас қосты. Алыс-жақыннан шақырған қонақтарымыз толықтай келді. Дегенмен басқа мемлекеттерде де қыран баптайтындар баршылық екенін біліп жатырмыз. Болашақта олар да сайысымызда бақ сынап қалулары мүмкін, - деді Ренат Тілеуханұлы.

 

Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев

Қазақстандық және Шығыс өңірінің құсбегілерінен бөлек, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай елдерінен келіп, Ұлан топырағында қыран құстарын ұшырды. Ұйымдастырушылар сайыс қазақы болмысты шет мемлекеттерге танытып, туристік әлеуетті арттыруға бағытталғанын айтты. Бұған негіз - Өскемен іргесінен орын тепкен Ұлан өлкесі көркем табиғатпен айрықшаланады.

Жас құсбегі Айзере Марксқызы арнайы сыйлыққа ие болды

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхан Садықовтың айтуынша, өңірде 19 суға шомылатын өзен мен көл бар. Оған қоса, айнала қоршаған биік-биік жоталар, тарихы тұнған Ақбауыр шатқалы, Сандықтас пен Сынтас жайлаулары және тағы басқасы аудан әлеуетін арттыруға таптырмас мүмкіндік береді деді.
- Туризмді дамытуға еш кедергі жоқ. Биылғы қансонардың ерекшелігі сол, тек бүркіт ұшырылып қана қойған жоқ, ит жүгірту де бағдарламаға енді. Қазірдің өзінде облыс көлемінде 35 тазы жиналды. Оларды шырғаға салып, бір шақырымға жүгіртеді. Ал финалда бүркітті жабайы түлкіге саламыз. Осының барлығы сырт көздің қызығушылығын туғызып, алда Түркия, Тайланд, Мысыр елдері сияқты туризмі дамыған елге айналу мақсатында қолға алынған. Жалпы, құсбегілік бойынша былтыр Үржар ауданынан келіп қатысқан еді. Биыл Атырау, Павлодар, Қарағанды, Жетісу аймақтарының азаматтары мен шетелдік бүркітшілер де жарыс көркін қыздыруда, - деді Нұрхат Тоқтарханұлы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосуреттер автордікі