Елімізде апаттық-құтқару жұмыстарына 10 мыңнан астам адам жұмылдырылды

696
көрілім
Суретте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Ерлан Жанпейсов

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінгі күні жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған 10 облыста уәкілетті мемлекеттік органдар жаңа аумақтарды су басуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, әкімдіктер мен басқа да қызметтердің 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды.  Ең күрделі жағдай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында қалыптасуда. 
Прокуратура органдары нақты елді мекендерді су басу, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа да объектілердің қирау себептерін белгілейді. Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттелуде. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады. Жергілікті жерлердегі прокурорлар құқық қорғау органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіреді. Проблемалық учаскелерді қоршау және патрульдеу, азаматтардың мүлкін қорғау қамтамасыз етілген. 
Осы қиын кезеңде азаматтарды дүрбелеңге түспеуге шақырамыз, әрбір зардап шеккен отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетіледі. Бұл мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Өтемақы алу алгоритмі Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережелермен нақты реттелгенін түсіндіреміз.  
Жергілікті атқарушы органдар біржолғы материалдық көмек төлеуге кірісті. Жалпы, барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен құқықтық тәртіп органдары еріктілердің қолдауымен күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Су тасқынын оқшаулау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 
- Қалыптасқан жағдай аясында халық пен БАҚ-ты жалған ақпарат таратудан бас тартуға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Жалған ақпаратты орналастыру, тарату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Құқықтық сипаттағы барлық мәселелер бойынша, оның ішінде залалды өтеу бөлігінде Сіз тұрғылықты жері бойынша прокуратура органдарына жүгіне аласыз. Сізге міндетті түрде көмек көрсетіледі, - делінген мәліметте.