Еліміздің өкілді органдарына «AMANAT» кандидаттарының 75%-ы жаңарды

3570
көрілім

Бүгін «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV Съезі өтті. Іс-шараға 2000-нан астам адам қатысты. Олардың ішінде Саяси кеңес мүшелері, Мәжілістің VII шақырылымының бұрынғы депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері және басқалар бар.
«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде аз ғана уақыттың ішінде партия қоғамның жаңа сұраныстарына сәйкес өзгергенін атап өтті.
- «AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің барлық өкілді органына ұсынылатын «AMANAT» партиялық құрамасы 75%-ға жаңарды. Олар – Президент реформалары мен партия бағытын жүзеге асыруға қабілетті жарқын көшбасшылардың жаңа тобы. Бұл құрамда барлық өңірдің, барлық саланың өкілдері бар. Нағыз мемлекетшіл, патриот азаматтар. Біздің үміткерлер партияны әділ де таза жеңіске бастайды деп кәміл сенемін. Өйткені, олардың артында өздеріңіздей адал партияластар мен қалың орман халқымыз бар, - деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде Мәжілістің VII шақырылымының бұрынғы депутаты Еділ Жаңбыршин экономикасы мықты әділ қоғам құру үшін ең алдымен ауылды аяғынан тұрғызу қажет деп есептейді.
- Ауылда халқымыздың елу пайызы тұрады. «AMANAT» партиясы әрқашан ауылға аса мән беріп, ондағы ағайынның еш нәрсеге мұқтаж болмауын қамтамасыз етуді өзіне міндет етіп отыр. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, халқымызды тарыдай шашып алмаудың бір жолы – ол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатты іске асыру үшін «AMANAT» партиясы алдағы бес жылда жүйелі жұмыс істейді, - деді ол.
22 жасында Алматы қаласы мәслихатының өткен шақырылымының депутаты болған паралимпиадашы Серік Есматов қоғамның игілігі үшін еңбек ету әрбір қазақстандықтың қолынан келетінін атап өтті.
Сондай-ақ, Съезде журналист, Алматы қаласы мәслихатының VII шақырылымының экс-депутаты Сергей Пономарев, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Ариана Белобжицкая, белгілі заңгер, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы мәслихатының депутаттығына кандидат Жұлдыз Жұманқызы және ақын Алмас Ахметбекұлы сөз сөйледі.
Сайлауалды бағдарламаның толық мәтіні үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде жарияланып, партияның сайтында орналастырылады.