Ералы Әскербек пен Ибрагим Ерболатов еркін күрестен ел чемпионы атанды

1135
көрілім
Фотосуреттер sport_vko парақшасынан

Талдықорған қаласында 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі өтіп жатыр. Жерлестеріміз жоғары нәтижелер көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеше еркін күрестен алты салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынды. Өңір намысын қорғаған палуандардың барлығы жүлдеге ілікпесе де, екеуі тұғырдың ең биік сатысына жайғасты.

Алғашқы айналымдардан-ақ оңайға түспеді палуандарымызға. Шымкент, Түркістан, Жетісу облыстарының спортшылары әр кезеңде жеңістің кілтін іздеумен жүрді. Ал өзінің жарқын белдесуімен көпшілік есінде дәл осы жас ерекшелігінде Әлем чемпионы атанған Дарын Әскербектің інісі Ералы Әскербек қалды. Жүріп өткен жолында айқын басымдық танытқан ол жартылай финалда ғана сәл іркілді. Қарсылас атанған Түркістан облысының өкілі қысымын күшейтіп, біршама уақыт 2:0 басымдығын сақтап тұрды. Әйтеуір мінез танытқан Ералы соңғы сәттерде есепті 3:2-ге жеткізіп, жеңісті жұлып кетті. Әрі қарай финалда Жетісу өңірінің мықтысын ұтып, 48 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды.

Бұдан соң бозкілемге 57 келіге дейінгі салмақта Ибрагим Ерболатов көтерілді. 1/8 финалда Ақмола облысының спортшысын таза ұтты. Ширек финалда да шымкенттік қарсыласын 14:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Жартылай финалда жамбылдық спортшыдан айласын асырса, финалда Түркістан облысының мықтысынан басым түсіп, өз салмағында топ жарды.

Бүгін қалған салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі белгілі болады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ