Ермек Көшербаев шекаралық аудан тұрғындарының мәселелерімен танысты

7900
көрілім

Өңір басшысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында жергілікті жұртпен кездесіп, арқалап келген сауалдары мен мәселелеріне құлақ түрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тарбағатайлықтар ең алдымен, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлердің сапасына шағымданды. Айтуларынша, қабырғасы жұқа, әрі жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Бірқатар үйде шатырынан су сорғалайтын көрінеді. Өңірге жас кадрлардың келуіне байланысты да тұрғын үйлер салынып жатыр дейді.

– Келешекте осындай кемшіліктер қайталанбауы үшін ревизия жасалынса деген тілек бар. Аудан әкімі де өз командасымен осы түйткілдерді реттеп бастаса құптарлық. Одан бөлек, жанар-жағармай мәселесі әлі өзекті. Қазір ауданымызда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 220 теңгеден сатылып жатыр. Кеше ғана Өскеменнен келдік, ол жақта 200, бізден алыс Зайсанда 205 теңгеден сатылуда. Ауданда еш өзгеріс байқалмайды. Талай тұрғынның тілегі сол, жанар-жағармай бекеті салынса екен, – деді ақжарлықтар.

Облыс әкімі кешенді жоспар қабылдап алу қажеттігін алға тартты. Ең алдымен, географиялық орнын бекітіп, оның шығыны мен жұмыс барысын жүйелеген жөн деді. Сөз соңында, әр мәселенің шешімі табылатындығын жеткізді.

– «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлерде кемшіліктер бар. Әзірге соны реттеу жағын қарастыратын боламыз. Егер бағдарлама жалғасын тапса, сапасына ерекше мән береміз. Екінші, жанармай мәселесі бойынша менің естігенім, «Helios» ЖШС-мен келіссөз жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі әлі белгісіз. Жанармай бағасы жоғары болса, онда өзге де тауарлардың бағасы қымбаттайды. Дегенмен, жауапты мамандармен осы жайында тақырыпты әлі де талқылаймыз, – деді Ермек Беделбайұлы.

Бұдан бөлек, кәріз жүйесіндегі мәселелер де сөз етілді. Өңір әкімі бұған қатысты құрылыс бөлімі өкілдеріне тапсырма беріп, жағдай жүйелі түрде зерттелетінін мәлімдеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ