Глубокое ауданында 90-шы жылдары адам жегіш өмір сүрген

457
көрілім
Фотосурет ostrovok.ru

Кітап сөрелеріне қойылған небір оқулықтарға көз жүгіртсек, Өскемен бойынша аса ауыр қылмыстар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көп жасалғандығы жазылады. Оның ішінде, кісі өлтіру мен біреуді жазып етуге оқталу әрекеттері жиі кездеседі. Әсіресе, 1942 жылдың бел ортасында азық-түлік тапшылығы қатты байқалып, аштық белең алғанда қатігездік қақпасы айқара ашылды. Бірақ қазір ұсынғалы отырған оқиға қарын тойдырудың тым жиіркенішті көрінісі. 90-шы жылдары Глубокое ауданына қарасты Предгорное ауылында адам жегіш пайда болып, тұтас аудан аяғынан тік тұрған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауласына аттап бастырмайды

Бұл туралы мәліметтің шет жағасын талай жыл тәртіп күзетінде жүрген Виктор Горшков айтқан еді. Кейінірек «Красный Восток» кітабында да жазылды. Үлкен Нарын ауылы тумасының серіктерімен бірлесе ашқан қылмыстарының кейбірі газеттің өткен нөмірлерінде ұсынылған-ды. Соны жалғай түсуді жөн көрдік.

1990-шы жылдың жазында болған оқиға. Сегіз жасар баланың ата-анасы ұлының жоғалғанын айтып, милицияға жүгінеді. Ол теуіп жүрген «Орленок» велосипеді келесі күні таңертең тауық пен шошқа асырауға арналған ферма қожайынының қашасында сүйеп қойылған күйі табылады. Ер адамның ауласын қоршап тұрған қаша сол маңдағы өзге шарбақтардан едәуір ерекшеленетін. Себебі, ең биігіне тікенді сым тартылып, оқшауланып өмір сүретіні кей тұрғынды түрлі ойға батырған. Жедел уәкілдер жазбасында да оның жалғыз, кісікиіктеніп күн кешкені анық көрсетілген. Ешкіммен емен-жарқын сөйлеспейді, ауласына аттап бастырмайды. Сондықтар болар, бала жоғалу жағдайы бойынша тексеріске сұранып тұрған үйлердің бірі осы болды.

Виктор Горшков бұл іс бойынша Глубокое ауданындағы серіктері сергек қимылдағандарын жеткізді.

– Бірінші бөлім мен аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері күдіктінің ауласына прокурор ұсынған санкциядан сон ғана кіре алған. Олар үйге енген бойда жағаларын ұстап, абдырады да қалды. Небір қылмысты көрген жігіттер бір сәт аңтарылып қалды. Оқшауланып жүрген ер адам үйінде крематорий пешін (мәйітті өртейтін орын) салып алыпты. Тумблер көмегімен от әп-сәтте жанып, жансыз денені лезде жандырып әкететін. Сол кезде пеш ішінде жартылай өртеніп үлгерген баланың денесі жатты. Ал үй ішін күйген еттің иісі қапқан, – делінген естелікте.

«Красный Восток» кітабына үңілсек, әлгі адамның Өскемен индустриалды техникумын бітіргені жазылған. Пешті өзі салды, аула қоршауына сым тікенді біркелкі тартуы да тыңғылықты жоспардың «жемісі».

– Есік алдында әбден семірген, қарны тоқ талпақ танаулар қорсылдап жүрді. Егесі оларды тамақтандырудың тәртібін ойластырыпты. Астауда іші құрттап, сасып кеткен ет жатты. Ол аздай бетіне шұбалшын төгіп қойған. Шошқалар үшін ең керек азықтың бірі де сол шұбалшын, – делінен кітапта.

Ер адам есалаң деп танылды

Әрі қарай адам жегіштің өзі немен ауқаттанып жүргені анықталды. Неге екені белгісіз, азық-түлік тоңазытқышта емес, құжат салуға арналған дипломаттан табылды. Оның өзінде, әлдеқандай қайнатылған ет тәркіленді. Сараптама қорытындысы адам еті екенін анықтады, бірақ қай тұрғынның ғұмыры қиылғанын білу мүмкін болмады. Виктор Горшковтан сұраған едік, «осы сияқты ақпараттар қалайша өшіп қалмаған, қалай дәлме-дәл кітапқа көшірілді?» дедік. Ол қияқ мұртын сипап қойып, бізге қарап жымия тіл қатты.

– Негізі «Красный Восток» кітабының жазылуына бес-алты адам үлес қосқан. Ал оған дейін тентектерге тұсау салып жүрген олар әр оқиғаны жазып жүрген күнделіктерін тартпаларда сақтап, бастары қосылғанда кейбірін өзара әңгімелейтін, – деді ол. – Сонда осы Предгорноедағы оқиға да қаз-қалпы сақталды.

Тергеу амалдары барысында оқшауланып өмір сүрген фермер бар кінәсін мойындады. Соған сүйенсек, сегіз жасар ұл оның алғашқы құрбаны емес. Бірнеше жыл бұрын он екі жасар тағы бір баланы ауласына кіргізіп, келместің кемесіне мінгізіпті. Оның алдында бірге тұрып жатқан әйелін өлтірген. Қызығы сол, мәйіттердің барлығын өзі ойлап тапқан крематорийде өртегенмен, киімдерін шешіп алып, оны бүктеп, сол уақытқа дейін сақтап жүріпті. Тергеушілер ақпаратынша, ол бір жылдары өмірлік жарымен, балаларымен бірге Кавказдың Қара Теңіз жағалауындағы әдемі пансионаттардың бірінде демалып қайтқан. Әйтсе де кейін сиқы үйге де ұқсамайтын әлдебір қоршауда күнелткені көкейде көп сұрақ қалдырды.

Тергеу амалдарынан соң Предгорноедағы адам жегіш сот шешімімен психикалық тұрғыда есалаң адам деп танылып, психоневрологиялық диспансерге мәжбүрлі емдеуге жіберілетін болды. Жедел уәкілдер естелігінде де, үлкеннарындық тәртіп сақшысының айтқанында да төрт түлік емес, кісі етіне құмартқан ер адамның аты-жөні жазылмады да, айтылмады да.

Әділхан ЕСІМХАНОВ