Глубокое ауданындағы кен орнының жабылуы ауылдың өміршеңдігіне кері әсер ете ме?

522
көрілім

2018 жылдың соңында Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіндегі кен орнына қатысты бір шешімге келе бастады. Кен орнының иелері әрі қарай қолданысқа беруді тиімсіз санады. Еліміздің Экологиялық кодексіне сәйкес компания енді XVIII ғасырдың соңынан бері кен өндіре бастаған жер асты жұмыстарынан соң қалыпқа келтіруді қолға алулары тиіс. Бірақ мұнымен тұрғындар келіспей жатыр. Олардың сөздерінше, кен орнындағы жұмыс әлі де жандануы тиіс. Егер рекультивация жасалса, оның зардабы талай тұрғынның денсаулығына кері әсер етеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауданға төнген қауіп

2018 жылдың төртінші тоқсанында таудағы жұмыс тәмам болғанда Белоусовка ауылының тұрғындары жұмыс қайта жанданып, жаңа қожайын келеді деп үміттенді. Бірақ 2022 жылдың желтоқсан айында ел Үкіметі Белоусовкадағы кен орнын әзірлеушімен келісімшартты үзу туралы шешім шығарады. Сөйтіп компания тарамас бұрын қопарып, қазып кеткен жерлерді түгел тегістеуді жөн көреді. Жер бетін тереңдігі 25 сантиметр болатын құнарлы топырақпен жабу, көгалдандыру жұмыстарын жоспарға енгізді. Әрі қарай ол учаске мал бағу үшін қолданылуы тиіс дегенді алға тартты.

– ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Министрлігі уәкілетті органы мақұлдауымен екі жақтың бір ымыраға келуі негізінде келісімшарт үзілді. Соған орай «BM Mining» ЖШС Белоусовка кен орнындағы тау-кен жұмыстары салдарын жою жобасын орындауға кірісіп кетті, – дейді жобаны әзірлеуші, «Профессионал» ЖШС инженер-экологы Дмитрий Шмыгалев. – Жоспарланған қызметтің басқа нұсқасының жоқтығынан, іске асырудан толық бас тарту ғана оның баламасы бола алады. Бірақ толық бас тарту аймақтың экологиялық жағдайына теріс әсер етеді.

Наурыз айының 27-сі күні қоғамдық тыңдау өткізіліп, «BM Mining» басшылығы Белоусовка тұрғындарына шахтаны суға батырып, бетін тегістеудің тиімділігін түсіндіріп бақты. Бірақ жұрт мәселе күрмеуінің былай шешілуін өздері үшін қолапайсыз санады.

– Айнала босап жатқандықтан бәрі құлап тұр. Осы бастан асығыстыққа бару қате қадам, – деді реніштерін білдірген көпшілік.

Бұлай қорқуларына негіз жоқ емес. Өйткені Белоусовкада қазба орындарының екі рет опырылып түскені бар. Оның бірі «Шахта» ауданында болып, соңы қайғылы аяқталды. УАЗ көлігі ашық жерге түсіп кетіп, бір адам көз жұмған. Тұрғындардың сөзінше, көлік әлі шығарылмапты. Екіншісінде, әйтеуір адам шығыны жоқ.

– Ең алдымен кент халқы зардап шекпесе екен дейміз. Біріншісі – шұңқырлардың одан ары кеңеюі, сосын су тасқынының салдары. Егер Глубочанка өзеніндегі жағдай бақылаудан шықса, тасқын судың қатері Белоусовка ғана емес тұтас ауданды қамтиды. Өйткені, Белоусовкадан кейін Предгорное, Глубокое ауылдары бар, – деді аудан әкімі Елдар Тумашинов.

Жұрт жұмыссыз қалмай ма?

Жоба авторы ешқандай қирау, құлдырау болмайды деп сендіріп жатыр. Техникалық апатты өткеріп үлгерген «Новая» шахтасы ауданында 10 жыл көлемінде геофизикалық және жерсеріктік мониторинг жүргізу жоспарланған. Ашық жатқан жерлерге топырақ төгу үшін әр жерге белгілер қойылмақ. Бірақ су тасқынын жүргізу түптің-түбінде іске асырылатын көрінеді.

Тағы бір мәселе – ауызсу. Шахтада жұмыс істеген гидрогеологтар егер тасқын бөгеуі ағытылса, онда сулы қабат кен қалдықтарымен ластанады деп дабыл қағып отыр.

– Барлығы осыған келе жатты. Жұмыс орны да, табыс көзі де осы кенішпен ұштасады. Соншама жыл жүйелі түрде жұмысын жалғастырған орында осындай олқылықтың шығуы өкінішті-ақ. Онымен қоса, оңтайлы шешімі ойластырылмаса, экологиялық тұрғыда қауіпті, – деді Гүлжанар Нұрланова есімді тұрғын.

Осы жобаның тиімсіз екенін облыстық Экология департаменті басшылығындағылар да білдірді. «Тегістеу мен қолдан су тасқынын жүргізу салдарының соңы әлі толық зерттеле қойған жоқ» деді. Жалпы, Белоусовкадағы кен орны біршама тұрғынды 80 жылдан бері жұмыспен қамтыған. Егер тау-кен жұмысы түбегейлі тоқтаса, елдімекен ел-жұртынан айырылуы ғажап емес. Қазір мұндағы тұрғындар саны – 9400 адамның шамасында. Түйткіл тереңдей түсті десек те, жергілікті билік жұмысқа орналастыру жағы шешіліп қойған дегенді алға тартты.

– Қазіргі уақытта мұндағы жұмысшылардың саны – 59 адам, оның 44-і Белоусовканың тұрғындары. Жұмыстан кейінгі салдарды жоюдан соң 36 адамды жұмыстан босатып, 23-ін қалдыру жоспарда бар. Кен орнынан шығып қалған жандарға аудан немесе облыстағы кәсіпорындардан жұмыс тауып беріп, екі айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеп бермекпіз, – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Светлана Большакова.

Қоғамдық тыңдау қорытындысы

Десе де тұрғындар кен орнын есептен ерте шығарып жатыр дейді. Осы жақта талай жылдан бері тұрып жатқандардың айтуларынша, мұндағы қор 2039 жылға дейін жетеді. Егер сол уақытқа шейін қазба-байлық өндіру жалғасын тапса, ауыл жұрты облыс ішінде жұмыс іздеп сабылмас еді дейді.

– Ерекше кен орны, кеңес өкіметі кезінде ондай бар-жоғы екеу-ақ болатын. Тағы біреуі Грузия елінде орын тепкен, – дейді зейнеткер, кезінде тау-кен шебері болған Михаил Байболатов. – Бір мезетте мыс, мырыш, қорғасын, алтын, күміс өндіре алатын едік. Тереңде жатса да арнайы әдіспен қол жеткізіп келдік.

Сөйтіп, Белоусовка жұрты кен орнын қиратудың орнына, жаңа қожайын іздеген жөн десті. Осыны айтып, шыр-пыр болған жұрт Конституцияға сәйкес сол елдің жер қойнауындағы байлық халыққа тиесілі екендігін сөз етті. «Асығыс жасалған қорытындының зардабынан ел экономикасына әлі талай жыл пайда әкелетін жұмыс желге ұшады» деді. Оған қоса, «BM Mining» ЖШС директоры Дамир Айтқожановтың сөзінше, жер асты жабдықтарының барлығы жұмысқа жарамды. Қазір қажет болып тұрғаны – жұмысты дөңгелетіп әкететін инвестор.

Белоусовка тұрғындары кеніш жұмысын тоқтатса, кенттегі тіршілік те біртіндеп тоқтайды деген болжам жасап отыр. Қоғамдық тыңдаудың түйіні сол, тау-кен саласынан хабары бар адамдардың басын қосып, бастама топ құру керек. Әрі қарай кенттегі кен орнында полиметалл өндірудің қажеттілігі бар ма, жоқ па екендігі сарапталмақ.