«Инженерлік білім - жиі сынға ұшырайтын бағыт» – Гүлжан Жарасова

421
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен жиында аталған тақырыптың қазіргі ауқымы мен атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қатысушылар сөзінше, қазір еліміздегі 52 жоғары оқу орны инженерлік техникалық бағыттағы білім бағдарламаларын жүзеге асырады. Магистратура мен докторантурада 103 мыңнан астам студент білім алады.

– Былтырдың өзінде 24 мыңнан аса түлек осы бағыттағы білім бағдарламаларын бітірді. Негізі қазіргі уақытта инженерлік білім, инженерлерді даярлау – жетістігі мол бағытқа айналып келеді. Бұл сынға көп ұшырайтын бағыт. Сондықтан мұның екі жағын ұштастырып қарауымыз керек. Бүгінде 11 оқу-әдістемелік бірлестік осы техникалық бағытқа ие. Осындай отырыстар нәтижесінде олардың бағыттары айқындала түседі, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі комитет төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Мәлім болғандай, қазір техникалық оқу орындарының көбі жұмыс берушілер және кәсіпорындармен қарым-қатынас орнатуларын одан әрі жандандыру қажет. Гүлжан Жарасованың айтуынша, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында елдегі инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарды дайындаудың жаңа тұжырымдамасы кеңінен талқыға түсіп жатыр.

– Осының арқасында біз ел экономикасын ілгерілетудің жаңа әдісін қалыптастыруға болатынын түсінуіміз керек. Бұл ретте техникалық, инженерлік кадрлардың орны ерекше. Ал индустриялдық кәсіпорындардың көбі аймақтарда орналасқан. Аталған тұжырымдаға негізгі қатысушылар Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, – деді төрағаның орынбасары.

Мәлім болғандай, қазір инженерлік бағытта кадр сұранысы да мәселеге айналған. Бұны біржақты ету үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асып жатыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ