Қасым Қайсенов кентіндегі емхана құрылысы биыл қыркүйек айында басталады

7419
көрілім
Фотосурет автордікі

Бұл туралы Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев мәлімдеді. Айтуынша, көпшілік ем-дом қабылдайтын орынның күні бүгінге дейін салынбауының өзіндік себебі бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір әкімі Ермек Көшербаев аталған ауданға жасаған іссапары барысында көпшіліктен бірқатар мәселелерді тыңдап қайтты. Қасым Қайсенов кентінің жұрты тұрғындар саны артуына қарай әлеуметтік нысандар жеткіліксіз екенін алға тартты. Сөздерінше, мәселені әкімнің алдында жылда көтереді, бірақ қимыл-әрекет байқалмайды. Бұған алдымен аудан әкімі Думан Рахметқалиев жауап берді.

- Тиісті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталды. Мердігері де анықталды. Әзірге кәріз жүйелері бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз. Құрылыс неліктен осы уақытқа шейін басталмады десеңіздер, кәріз жүйелері құрылыс жоспарланған учаскеде жатыр. Оны аулағырақ жерге апармай, шаруаға кіріскен тиімсіз. Соның бәрін біржақты етіп, емхана құрылысын қыркүйек айының ортасына таман бастауымыз керек, - деді әкім.

Мердігермен келісімшарт жасалып қойған көрінеді. Осы ретте облыс басшысы Ермек Көшербаев аудан әкімінің ұсынған жауабын толық әрі нақты деді.

- Егер қаржы бөлінбей, не істеу керектігі әлі шешілмесе, мәселе төркіні әріге кетер еді. Иә, қиындықтар бар. Оны біржақты ету керек. Берілген жауапқа сүйенсек, амалын тауып, түйткіл түйінін тарқатуға талпынып отыр, - деді Ермек Беделбайұлы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ