Катонқарағай ауданында темір дәуірінің ерте кезеңіне жататын жәдігерлер табылды

18326
көрілім

Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан жуырда Аққайнар ауылының жанында орналасқан Шу қорымы биылдан бастап зерттеле бастағанын, ол жерде мерзімдік және мәдени мазмұнын анықтау мақсатында бір ескерткіш қазылғандығын мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан басшысының сөзінше, аталған қорым Шу өзенінің оң жағасындағы алаңқайда орналасқан. Барлау-зерттеу барысында қорымда әр түрлі жерүсті құрылысы бар елуден астам жерлеу ғұрыптық ескерткіштері шоғырланғаны белгілі болды.

– Зерттелінген оба темір дәуірінің ерте кезеңіне жататыны анықталды. Бұндай болжам жасауға обадағы жерлеу ғұрпы негіз болып отыр. Обаның қабір шұңқырында екі кісінің мәйіті қойылған: біріншісі ірі, қару жарақ асынған, бұл ер адам болуы керек. Қарулардың ішінде қола қанжары және қоладан жасалған чекан бар. Сонымен қатар жебелерді салатын қылшанды (қорамсақ) белдікке ілетін қола ілмегі бар. Жебелерінің ұштары сүйектен жасалған. Ал қалғандары қола. Бұл жерде қарулардың шынайы еместігін айта кету керек, себебі олар кішігірім көлемде жасалған, – деді Ділдар Қалиқан.

Екінші мәйіт біріншінің арт жағына қойылған: көлемі кішілеу, жамбас тұсына тері, үсті тоқылған қалтаға салынған қола айна қойылғанына қарағанда әйел адам болуы керек.

Мәйіттермен бірге қыш ыдыстары мен қойдың құймышағы қойылған. Қыш ыдыстардың ернеуінде өрнектері бар.