Катонқарағай ауданының ауылдарына қасқыр шабуы жиілеп кетті

35279
көрілім
Шартты фотосурет

Қазір Катонқарағай ауданында қандыауыздар қаптап, бірнеше ауыл тұрғындарының үрейін алып жүр. Осылай деп сайт редакциясына хабарласқан тұрақты оқырмандар қасқыр санын реттеу мақсатында жергілікті басшылықтың еш шара қолданбай отырғандықтарын жеткізді. Мәселені біліп көру үшін аудан әкіміне сұраухат жіберілген болатын.

«Атуға рұқсат бермейді»

WhatsApp желісі арқылы жіберілген суреттерге қарап-ақ түз тағыларының талай мәрте «қонаққа келгендерін» аңғаруға болады. Тұрғындардың айтуынша, негізгі қауіп Шыңғыстай, Аққайнар, Қабырға және Жаңаүлгі ауылдарын қамтыған. Қылқұйрықтыға шауып, ірі қараны да жарып кеткен. Кейбірінде рұқсат қағазы бар мылтық та жоқ емес, тек Катонқарағай ұлттық паркінің өкілдері қолдануға мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

– Көктемнен бері маза бермей келеді. Мал төлдеп жатқанда ерекше «олжалы» болды. Құлындарға қырғидай тиіп, қара күзде тайларды жеп кетті. Шыңғыстайда қойларды тамақтап кетті деп естідік. Мылтығымыз бар, бірақ Ұлттық парк өкілдері атуға рұқсат бермейді. Бір жылдары қасқыр қаптаған соң тікұшақпен келіп атқан еді, – дескен тұрғындар сондай қозғалыстың тағы бір қайталануына тілек білдірді.

Себебі сондай әрекеттен соң ит-құс келуін тоқтатып, 10 жылдай тыныштық орнапты. Мұндайда жергілікті әкімдікте қылар шара жоқ, содан тұрғындар аудан орталығына хабарлаған. Ол жақтағылар облыс орталығына жүгінген сыңайлы.

Қасқыр қанша жылқыға шапты?

Осы ретте аудан әкімдігіндегілер Шыңғыстай, Жаңаүлгі және Қабырға ауылдарында түз тағыларының көбейгенін растап, тұрғындардың 40-тан астам жылқысып жеп кеткендерін мәлімдеді. Толығырақ кестеде:

Ауыл атауы

Шаруа қожалығы

Қожалық иесі

Желінген жылқы

1

Қабырға

«Қарлығаш» ШҚ

Ж.Ниғметов

2 бас

2

Жаңаүлгі

«Қуат» ШҚ

Қ.Сахимов

10 бас

3

Жаңаүлгі

«Олжас» ШҚ

Қ.Нұралин

5 бас

4

Шыңғыстай

«Самал» ШҚ

Б.Баекин

2 бас

5

Шыңғыстай

«Ақжол» ШҚ

А.Тоқпаев

3 бас

Бұдан бөлек, Жаңаүлгі ауылының тұрғындары Б.Құмашев, А.Үзембаев және Қ.Сахимовтың 12 бас, сондай-ақ шыңғыстайлық Е.Мұсақанов пен К.Алхамовтың 6 бас жылқысының тағының аранында кеткені белгілі болды. Аудан әкімдігі сұраухаттың 3-ші, 6-шы сұрақтарына жауап беру үшін сауалдарды Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жіберген. Сонда «Жыртқыш аңдар қатарындағы қасқырды ұлттық парктің қорғау аймақтарында аулауға тыйым салынған» деп жазылған.

– «Әкімшілік аумағынан аспай (ұлттық парктің қорғау аумағына өтпей) қасқыр санын реттеуге қатысты тиісті құжаттармен қасқыр ауланса, ұлттық парк қызметкерлері қарсылық білдіре алмайды. Егер де ұлттық парк аумағына өтіп заңсыз ауланса, ол қылмыстық әрекетке жатады», – делінген мәліметте.

Аңшылар екі қасқыр атқан

Аудан әкімі Ділдар Қалихан еді, дегенмен сұраухат жауабына қол қойған тұста «Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мерхат Нұрғалиев» деп тұрды. Ал ресми сайтта Мерхат Сәбитұлы аудан әкімінің орынбасары деп көрсетілген. Бәлкім кадрлық тұрғыда қабылданған уақытша шешім болар. Жауапты тұлғалар осы уақытқа дейін кестеде жазылған үш ауыл тұрғындарынан қасқыр санын реттеу жөнінде өтініш түспепті. Ұлттық парк өкілдері түз тағысын аулау бойынша жергілікті тұрғындардың қылмыстық жауапкершілікке тартылмауын, оның алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын алға тартты.

– Қазіргі уақытта өңір бойынша аңшылар екі қасқыр атып алған. Катонқарағай ауданының аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы аудан аңшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деді Мерхат Нұрғалиев.

Сайып келгенде әкімдік өкілдерінің жауабы Ұлттық парк аумағына өтпеген тағыны атуға болады дегенге саяды. Дей тұрғанмен жергілікті әкімдіктің те түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн болар.