KAZ Minerals Тобы мыс өндіруде былтырғы көрсеткішінен асып түсті

375
көрілім

Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басталғалы тоғыз ай ішінде кен фабрикаларының қуаты артып, бірнеше бағытта нәтиже жақсарған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, қаңтар айынан қыркүйекке дейінгі аралықта KAZ Minerals Тобы 300 мың тоннадан астам мыс өндірді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7% артық. Бұған Ақтоғайдағы екінші кен байыту фабрикасының қуатын арттырудың арқасында қол жетті.
Металл мөлшері жоғары учаскелерде өндірудің және бөліп алу коэффициентінің жоғарылауының арқасында концентраттағы мырыш өндірісі 24% өсті. Күміс өндірісі 11% артты, себебі Топ металдың көп мөлшері бар кендерді өңдеді, ал алтын өндірісі Бозшакөл мен Бозымшақ кендеріндегі металдың жоспарлы төмендеуіне байланысты 7% азайды.

Ақтоғай
Осы жылдың үшінші тоқсанында Ақтоғайда 20,5 млн тоннаға жуық кен өндірілді. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 10%-ға артық (2023 жылғы 2-тоқсан: 18,7 млн) және өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 10% көп (2022 жылғы 3-тоқсан: 18,6 млн). Осы кезеңде өткізу қабілеті артқан сульфидті кен байыту фабрикаларында өңдеуге жеткілікті шикізатты қамтамасыз ету үшін көбірек сульфидті кен өндірілді. Биылғы 9 айда өндірілген кен көлемі (2023 жылдың 9 айы: 58,1 млн тонна) өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (2022 жылдң 9 айы: 52,1 млн тонна) 11% артық. Бұл өсім екі сульфидті кен байыту фабрикаларының артып келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға және одан әрі өңдеу үшін қажетті кенді жинауға мүмкіндік берді.
2023 жылдың тоғыз айындағы 192,0 мың тонна көлеміндегі мыс өндірісі өткен жылдың көрсеткішінен (2022 жылдың 9 айы: 167,8 мың тонна) 14% асып түсті. Өйткені Ақтоғайда сульфидті кен байыту фабрикаларының өткізу қабілеті және өңделетін кендегі мыс мөлшері жақсарды.

Бозшакөл
Бозшакөлде өндірілген кеннің көлемі 2023 жылдың үшінші тоқсанында (7,6 млн тонна) алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 13% аз (2023 жылғы 2-тоқсан: 8,7 млн тонна), өйткені қоймада жинақталған кен сульфидті және каолин кендерін өңдеу фабрикаларына жеткізілді. 2023 жылдың тоғыз айында кен өндіру көлемі 24,8 млн тоннаны құрап, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 24% артты (2022 жылдың 9 айы: 19,99 млн тонна). Кен байыту фабрикалары қоймалардан емес, тікелей карьерден жеткізілген шикізатты өңдеді.
Мыс өндірісі 2023 жылдың үшінші тоқсанында өткен кезеңмен салыстырғанда 3% артып, 27,3 мың тонна көлемінде болды (2023 жылғы 2-тоқсан: 26,5 мың тонна). Бұл өсімге кәсіпорындардағы өткізу қабілеттілігінің артуы ықпал етті, дегенмен өңделген кендердегі металдың мөлшері мен бөліп алу коэффициенті өзгермеді. Биылғы 9 айда мыс өндіру көлемі 77,5 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылдың аталмыш кезеңінің көрсеткіштеріне сәйкес келеді (2022 жылдың 9 айы: 77,9 мың тонна).

Шығыс өңір мен Бозымшақ
Тоғыз ай ішінде 1,99 млн тонна кен өндірілді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27%-ға кем (2022 жылдың 9 айы: 2,7 млн тонна). Оның себебі Бозымшақ карьерінде өндірістің жоспарлы қысқаруына байланысты. Өйткені жерасты өндірісіне көшу үшін аршу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы тоғыз айда мыс өндірісі 12% қысқарып, 31,7 мың тоннаны құрады (2022 жылдың 9 айы: 36,2 мың тонна). Бұл өңделген кендегі металл мөлшерінің жоспарлы төмендеуіне, Орлов өндірістік кешеніндегі техникалық қызмет көрсетуден кейін бөліп алу коэффициентінің және өткізу қабілетінің төмендеуіне байланысты болды. 2023 жылдың үшінші тоқсанында 9,0 мың тонна мыс өндірілді, бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 32% аз (2023 жылғы 2-тоқсан: 13,2 мың. тонна). Шығыс өңірдегі кәсіпорындарда өндіріс азайды. Бұған себеп – бөліп алу коэффициентінің төмендеуі және Орлов кешеніндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары.